Алматыдағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы дәрігерлері 6 жастағы баланың миындағы үлкен ісікті алып тастады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кішкентай пациент мұнда осыдан біраз бұрын өзге ауруханадан аса ауыр халде жеткізілген болатын. Оған краниофарингиома ісігі деген диагноз қойылды. Мидың ең күрделі әрі сезімтал бөлігінде орналасқан ісік салдарынан миға сұйықтық жиналып (гидроцефалия), бас ауруы, құсу және көру қабілетінің нашарлауы сынды белгілер байқалған. Баланың жағдайы сағат сайын нашарлауына байланысты шұғыл ота жасау туралы шешім қабылданды.
Операцияны белгілі балалар нейрохирургі, №2 БҚКА директоры Марат Рабандияров жасады. Жоғарғы біліктілік пен нейронавигация сынды заманауи технологиялардың арқасында микрохирургиялық ота жасалып, мамандар ісіктің бір бөлігін асқан дәлдікпен алып тастады.
«Ісік мидың ең қауіпті жерінде, көз бен гормондық реттеу жолдарына жақын маңда орналасқан. Мұның аса күрделі ота болуы да сондықтан. Соған қарамастан бас сүйек ішіндегі қысымды азайтып, сұйықтықтың жүру жолын реттедік», - деп атап өтті Марат Рабандияров.
Күрделі ота МӘМС қаражаты есебінен жасалды. Естеріңізге сала кетсек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 18 жасқа дейінгі балалар жарна төлемейді және олар мемлекет тарапынан сақтандырылған.
Мамандардың сөзінше, операциядан кейін баланың жағдайы жақсарып келе жатқаны байқалады. Оның үстіне, білікті ота шунттау жүйесін орнатуға деген қажеттілікті жойып, асқынулардың алдын алуға мүмкіндік берді. Бұл Қазақстандағы балалар нейрохирургиясының заман талаптарына сай дамығандығының айқын дәлелі.