Ұшақтың бұл түрі Бразилияда құрастырылады
Ақтау маңында апатқа ұшыраған Embraer ұшағының апатқа дейінгі жағдайы қандай болды? Бұған дейін әуе көлігін неше рет апатқа ұшыраған? Жібек жолы телеарнасының журналистері осы тақырыпты зерттеп көрген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ қолданыста жүргеніне 11 жыл болған. Azal әуе компаниясына тиесілі. Лайнер Бакуден Ресейдің оңтүстігі мен Таяу Шығысқа және Орталық Азияға қатынаған. Былтыр 225 рейс жасаған. Алайда 2023 жылдың қазанынан бері бір жыл бойы ешқайда ұшпаған. Содан биыл қатарға қосылып, 105 рейс орындаған. Әуе компаниясы өкілдерінің айтуынша, апатқа дейін ұшақ діттеген жерге бір сағатта жету керек болған, алайда Грозныйға, одан кейін Махачкалаға ауа райының қолайсыздығына байланысты қона алмай, көкте екі жарым сағат ұшып жүрген. Апаттың нақты себебі қара жәшік ашылған соң жарияланады.
«Бас прокуратура Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі ұшақтың апатқа ұшырауы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу Қазақстан прокуратурасының қызметкерлерімен бірлесіп жалғасуда. Барлық ықтимал себептер зерттелуде. Қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Рейс жолаушыларының туыстары үшін жедел желі ұйымдастырылды. Азаматтығына қарамастан жолаушылардың барлық отбасыларына, сондай-ақ зардап шеккендерге арнайы психологиялық көмек көрсетіледі», - деді Azal әуе компаниясының баспасөз хатшысы Фарид Гусейнов.
Embraer Е-190 ұшағы Бразилияда құрастырылады. Ұшақ алғаш рет 20 жыл бұрын көкке көтерілген. Ішіне жүз адамнан артық адам сыяды. Қуаты 4 мың шақырымға дейін шыдайды. Нарықта Боинг, Эйрбассекілді модельдермен бәсекелес. Осы маркалы ұшақ бірнеше апатқа ұшыраған. Осыдан он төрт жыл бұрын Қытайда құлаған. Алты жыл бұрын Мексикада. Бірақ ол кезде барлық жолаушылар аман қалған. Масамбик Эйрландс компаниясына тиесілі Embraer Е-190 ұшағы көтерілгеннен кейін екі сағаттан соң істен шығып, 33 адам қайтыс болған еді. Ал ертең бауырлас елде қаралы күн.
Еске сала кетейік, кеше Ақтау маңында Әзербайжанның ұшағы апатқа ұшыраған еді. Шетел азаматтарымен бірге Қазақстанның бес азаматы опат болды. Олардың тізімін ТЖМ жариялады.