×

Қорғаныс вице-министрі: ОДКБ оқу-жаттығуы бізге жақпаса – қатыспаймыз

Иманғали Тасмағамбетов биыл Беларусь аумағында үш оқу-жаттығу өтетінін хабарлаған еді

Қорғаныс вице-министрі: ОДКБ оқу-жаттығуы бізге жақпаса – қатыспаймыз
Коллаж: Qaz365.kz

Қазақстанның Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов Украина мен Ресей соғысында Қазақстан екі жақтың бірін таңдамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Айта кетейік, таяуда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов биыл Беларусь аумағында «Взаимодействие», «Эшелон» және «Поиск» атты үш оқу-жаттығу өтетінін хабарлаған еді.

Ол Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездескеннен кейін журналистерге осы ақпаратты жеткізген. 

Бүгін Сенат кулуарында Қорғаныс вице-министрі Сұлтан Камалетдиновке сұрақ қойылды. 

«Қазақстанның нақты қандай әскери бөлімі Беларусьтегі оқу-жаттығуға қатысады? Беларусьтың қай жеріне барады? Украинадағы соғыс шеңберінде Қазақстан үшін қандай да бір тәуекелдер бар деп есептемейсіз бе?» - деп сұралды вице-министрден. 

Бұл сұраққа жауап берген Сұлтан Камалетдинов Қазақстанның қатысу-қатыспауы әлі белгісіз екенін білдірді. 

«Біздің офицерлер қазіргі таңда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құрамында бар. Олар қазір қандай жағдай болатынын, қандай тематика болатынын қарап жатыр. Бірақ егер ол (оқу-жаттығу) бізге жақпайтын болса, біз қатыспаймыз», - деді Камалетдинов Сенат кулуарында. 

Оның айтуынша, халықаралық қарым-қатынаста Қазақстанның президенті соғысқа қатысты нақты позициясын білдірген. 

«Бұл расында да біздің бауырлас халықтардың трагедиясы. Бірақ біз олардың бір жағына шығуды ойымызға да алмаймыз. Ресей тарапы бізге көмектесіңдер деп жүгінген емес. Бұл – солардың қақтығысы», - деп түйді Камалетдинов. 

Еске сала кетсек, Украина мен Ресейдің соғысып жатқанына ертең тура бір жыл болады. Екі жақтан қанша адамның опат болғаны әзірге белгісіз. Әртүрлі дерек бар. Батыс елдері Украинаны қару-жарақпен, қаржылай да көмектесіп жатыр. Ал Ресей президентінің таяуда халқына жолдаған жолдауына баға берген саяси сарапшылар соғыстың әлі аяқтала қоймайтынын айтады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →