×

Алматыда «көбелек ауруына» шалдыққан қос бүлдіршінге ота жасалды

Елімізде осындай диагноз қойылған 108 науқас бар

Алматыда «көбелек ауруына» шалдыққан қос бүлдіршінге ота жасалды
Фото: likarni.com

Қазақстанда алғаш рет синдактилияны емдейтін бірегей ота жасалды. Бұл синдром «біріккен саусақ» деген мағынаны білдіреді. Алматыда отандық мамандар Ресейлік әріптестерімен бірге қос бүлдіршіннің патологиясын жоюға көмектеспек, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап. 

Бұл – Света Балтабаеваның төртінші баласы. Дәрігерлер ұлына сирек кездесетін тұқым қуалайтын «көбелек синдромы» деген диагноз қойған. Алғашында 12 мүшесі сау баланың бір айдан кейін денесінде бөртпе пайда болады. Ол ашық жараға айналып, бір жылдан соң ұлының саусағы бір-біріне жабыса бастаған. 6 жылдан бері көпбалалы ана баласының өмірі үшін күресіп келеді. Өйткені терісі тым нәзік, оған күтім қажет.

«Терісі бөртіп, саусақтары жабысып қалды, сосын тырнағы түсті. Бала қазір 6 жаста. Жағдайы өте ауыр десем де болады. Біз күнделікті 2 рет жақпа жағамыз. Дәрігерлер жақсы қарайды, сөйлеседі. Ақылын айтады. Отаның сәтті өтуін тілеп отырмын», – деді көпбалалы ана Света Балтабаева.

«Генетикалық өзгерістен баланың денесі бқртіп кетеді. Олар жарылып, жараға айналады. Жара көьейіп, саусағы бір-біріне қосылып қалады. Олар қолымен жұмыс, әрекет жасай алмайды. Біз жасаған отаның мақсаты –  балалардың жабысқан аяқ-қолын ашу», – деді ҚР ДСМ «Ақсай» республикалық клиникалық балалар ауруханасы РМҚК балалар ортопедиясы бөлімінің меңгерушісі Исамдун Харамов.

Жалпы елімізде осындай диагноз қойылған 108 науқас тіркелген. Олардың арасында 18 жасқа толмаған 63 бала бар. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы қиын бесеуіне міндетті түрде ота жасау қажет. Осы уақытқа дейін Ақсай балалар ауруханасының ортопедтері бір баланы Ресейге апарып операция жасатып қайтқан. Енді міне кемінде 2,5 сағатқа созылатын күрделі отаны отандық дәрігерлер де жасай бастайды.

Көрші елден Алматыға 2 хирург-ортопед және анестезиолог-реаниматолог маманы көмекке келген. Өйткені ауыр отаны жасауда біліктілік аса маңызды. Бұл күрделі патологияның бірі деген дәрігерлер саусақты толық ашу үшін бірнеше ота жасалатынын атап өтті. Қос бүлдіршінге 6 айдан соң тағы ота жасалады.

«Жерге аяғы шалынып құлап қалған балаларды тұрғыза саламыз ғой. Ал бұл генетикалық ауруға шалдыққан бүлдіршіндерді қаттырақ ұстауға болмайды. Өйткені терісі сыпырылып түсіп қалады. Ал одан соң олардың денесі қатты ауырады, қансырайды. Осындай науқастарды отаға аларда жүйелі түрде дайындаламыз. Алдымен баланың аузына демалатын түтікше орналастырамыз. Өйткені ерін терісі зақымданғандықтан олар аузын аша алмайды. Тағы бір күрделі тұсы, саусақ бөлінген кезде тігу үшін өз денесінің таза бөлігінен тері аламыз. Оны да кесіп алу қиындық тудырады», – деді Пирогов атындағы жоғары медициналық технологиялар клиникасының бөлім меңгерушісі Владимир Заварухин (Ресей)

Ресейлік мамандарды шақыртуға көбелек ауруына шалдыққан балаларды қолдайтын қоғамдық қордың көмегі тиген. Балалар үшін ота тегін жасалды. Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем халқының шамамен 7 пайызы сирек кездесетін генетикалық ауруға шалдыққан.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады
Кеше, 18:45

2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады

20 мың АЕК-тен астам мүлік сатып алғандар декларация тапсыруды жалғастырады.  
«Shine Muscat» жүзімі түрінен карантиндік зиянкестер табылмаған
Оларға қазіргі мөлшердің 6,5%- ы қосылады
7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →