Ол мұндай ұсынысты ұлттық арна ток-шоуында айтқан болатын
Бұған дейін «журналисті баспасөз картасынан айыруды сот шешсін» деген ұсынысты ұлттық арна ток-шоуында ұсынған сенатор Айгүл Қаппароваға бүгін Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап беруіне тура келді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Еске сала кетейік, осыдан бір апта бұрын Qazaqstan ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында Масс-медиа туралы заң жобасы талқыланған еді. Бағдарлама барысында өзара пікір алмасқан спикерлер жоба бойынша ұсынылып отырған баспасөз картасы туралы сөз қозғайды Тележүргізуші спикерлерден «этика нормасын бұзған журналистер баспасөз картасынан айырылады екен, мемлекеттің белгілі бір саладағы әдеп нормасына араласуы қаншалықты орынды?» деп сұрайды.
Бұл сұраққа жауап берген сенатор Айгүл Қаппарова «оны тек сот шешуі керек» деп жауап берген.
Әлеуметтік желіде журналист Есенгүл Кәпқызы (сол бағдарламаға қатысқан) кейін бұл жөнінде арнайы пост жазған.
«Сол ток-шоуға қатысқан Айгүл Қаппарова ханымның бір пікірі кәдімгідей жүректі тіксінтіп қойды. Ол кісі пресс карталарды берумен, алып қоюмен сот айналыссын деген әңгіменің шетін шығарды. Егер ертең біздің тағдырымызды шешетін заң осы кісілердің қолына түссе не болады екен деген қорқыныш ұялады», - дейді ол.
Сенат кулуарында бүгін депутат Қаппаровадан осы мәселенің мәнісін журналистер сұраған. Алайда сенатор алдымен «ол жерде сұрақ карта жайлы болған жоқ, лицензия туралы болды» деп шатасты (ток-шоуда десе де баспасөз картасы туралы әңгіме қозғалған).
«Мен бұл мәселені қандай да бір комиссияның құзырына бермеу керек дедім (лицензия мәселесін айтып отыр – авт.). Егер ол комиссия әділ емес шешім шығарса, журналист кімге жүгінуі керек. Сотқа. Мәселе сол жерде болды. Сот қана әділдігін айтуы керек. Журналист белгілі бір комиссияға тәуелді болмауы керек. Журналистердің құқығын ол жерде шектеу мәселесі болған жоқ», - деді ол.
Оның айтуынша, «бұл заң жобасы әлі де талқылау сатысында, парламентке түскен жоқ». Журналист қандай да бір комиссияға бағынбауы керектігін де қайталап атап өтеді сенатор.
«Содан кейін сот шешсін дедім. Ол менің жеке ойым. Ол менің жеке пікірім. Заң келгеннен кейін... Ол бір вариант. Тек ұсыныс», - деді ол.
Айгүл Қаппарова «егер баспасөз карта журналистерге қандай да мүмкіндік, жеңілдік беретін болса, ол дұрыс» деп мәлімдеді.
«Әзірге ол ұғым заңда жоқ», - дейді ол.
«Масс-медиа туралы» заң жобасы – журналистердің жиі талқылайтын тақырыбы. Алдағы уақытта тілшілердің қызметі тікелей осы заңмен реттелетіндіктен, кәсіби орта құжаттың әр нормасын жіті зерттеуге тырысып, әркім пайым-пікірін білдіріп жатыр.