А гепатитіне қарсы екпе күнтізбелік жоспарға сай екі жасында егіледі
Қазақстанда А гепатитіне қарсы вакцинация Ұлттық екпе күнтізбесі аясында тегін жүргізіледі. Бұл күнтізбе халықтың белгілі бір топтарын қамтиды. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Qaz365.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
А гепатитіне қарсы вакцина да басқа екпелер секілді мемлекет тарапынан орталықтандырылған түрде сатып алынады. Бұл қызметті «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы атқарады. Вакцина сатып алу процесі арнайы веб-портал арқылы жүзеге асады, бұл өз кезегінде ашықтық пен мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етеді.
2025 жылға арналған жоспар бойынша Алматы қаласында 54 400 доза А гепатитіне қарсы вакцина сатып алды. Бұл көлемге флакондар мен шприцтер де кіреді. Препарат Қытайдың Sinovac Biotech Co., Ltd. компаниясынан жеткізіледі. Вакцина БҰҰ Балалар қоры – ЮНИСЕФ-пен әріптестік аясында алынған. Сонымен қатар, ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) преквалификациясынан өткен, бұл оның қауіпсіздігі мен тиімділігі халықаралық стандарттарға сай екенін дәлелдейді.
Алматы қаласындағы №36 қалалық емхананың иммунологы Әсел Ералықызының айтуынша, А гепатиті – лас су, тағам немесе жуынбаған қол арқылы жұғатын вирус инфекциясы. Бұл ауру әсіресе балалар мен иммунитеті әлсіреген адамдар үшін қауіпті, себебі ауыр асқынулар туғызуы мүмкін. Дәрігердің айтуынша, инфекциядан қорғанудың ең сенімді жолы – вакцинация.
Екпе егу тәртібіне сәйкес, А гепатитіне қарсы вакцина балаларға екі жасында жоспарлы иммундау аясында салынады. Сондай-ақ, бұл вакцина соңғы екі аптада А гепатитімен ауырған адаммен қарым-қатынаста болған 14 жасқа дейінгі балаларға және В немесе С гепатитінің созылмалы түрі ремиссияда тұрған балаларға егіледі.
Егер сіздің балаңыз аталған топтардың біріне жататын болса, дәрігерлер екпені кейінге қалдырмай, уақытылы салдыруға кеңес береді. Бұл – денсаулықты қорғаудың және асқынулардың алдын алудың қауіпсіз әрі тиімді жолы саналады.