×

Маңғыстау облысындағы 182 оқушының улануына қатысты сот үкімі шықты

Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, оған бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Маңғыстау облысындағы 182 оқушының улануына қатысты сот үкімі шықты
Фото: Lada.kz

Маңғыстау облысында оқушылардың жаппай улануы дерегі бойынша мектеп асханасының қызметкері сотталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бүгін Маңғыстау облысының Мұнайлы аудандық соты Бесшоқы ауылындағы мектеп асханасына тамақ жеткізумен айналысқан жеке кәсіпкер — «Шакенова Д» жеке кәсіпкерлігіне қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды.

Lada.kz мәліметінше,  айыпталушы қоғамдық тамақтану саласында қызмет көрсеткен жеке кәсіпкер бола отырып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды өрескел бұзған. Соның салдарынан мектеп асханасында 182 оқушы уланған.

Прокурор соттан айыпталушыны кінәлі деп танып, екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ үш жыл мерзімге қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұрады.  Зардап шеккен тараптардың өкілдері де осы бапқа сай жазалау шараларын қолдануды сұраған.

Ал айыпталушы мен оның қорғаушысы кінәні толық мойындамай, соттан ақтауды өтінген.

Кәсіпкердің кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындыларымен, оқиға орнын қарау нәтижелерімен, беттестіру хаттамаларымен, куәгерлер мен жәбірленушілердің жауаптарымен және іс бойынша өзге де материалдармен толық дәлелденген.

Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, оған бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол 3,5 жыл мерзімге қоғамдық тамақтану саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Айта кетейік, бұл үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →