Жоғалғандардың басым бөлігін кәмелетке толмағандар мен психикалық дертке шалдыққандар
Абай облысында биыл 151 із-түссіз жоғалған адамның жүрген жері анықталды,деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Осы жылдың басынан бері Абай облысы полиция департаментіне азаматтардың із-түссіз жоғалуына байланысты 155 өтініш келіп түсті. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 151 адамның мекенжайы анықталды. Қазіргі уақытта 4 адам бойынша іздестіру жұмыстары жалғасуда. Әрбір жағдай бойынша учаскелік инспекторлар, криминалдық полиция қызметкерлері, еріктілер мен басқа да мүдделі қызметтердің қатысуымен кешенді іс-шаралар ұйымдастырылған. Жедел әрекет ету, туыстарымен бірлескен жұмыс, азаматтардың көмегі мен заманауи технологияларды қолдану арқасында жоғалған адамдардың басым бөлігі қысқа мерзімде табылуда. Полиция департаменті азаматтарды жақын жандарға, әсіресе балалар мен психикалық ауытқуы бар адамдарға ерекше көңіл бөлуге шақырады. Адам жоғалған жағдайда ішкі істер органдарына дереу хабарласу қажет – ақпараттың дер кезінде түсуі оң нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігін арттырады. Сондай-ақ егер іздестіріліп жатқан адамдардың жүрген жері туралы қандай да бір ақпаратыңыз болса, “102” нөміріне немесе жақын полиция бөлімшесіне хабарлауыңызды сұраймыз”, – делінген полиция хабарламасында.
Талдау көрсеткендей, жоғалғандардың басым бөлігін кәмелетке толмағандар мен психикалық дертке шалдыққан азаматтар құрайды. Мұндай жағдайларға көбінесе отбасындағы келіспеушіліктер, эмоционалды тұрақсыздық және назар аударуға деген қажеттілік себеп болады.