Қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше кәсіпкер бұл шараны заңсыз ұйымдастырған.
Ақтауда тегін балмұздақ таратып, тұрғындар арасында дүрбелең тудырған кәсіпкер Роза Рымбаева әкімшілік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ақтауда Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара кезінде тегін балмұздақ пен тәтті мақта тарату сәтінде көпшілік жиналып, дүрбелең туындады.
«Толқын-1» шағынауданында орналасқан балалар киім дүкенінің алдында жергілікті кәсіпкер балаларға тегін балмұздақ, тәтті мақта және түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырған. Бірақ тегін балмұздақ пен тәттіге таласқандар көп болды Тіпті дүкеннің алдында жүздеген адамнан кезек тұрып, соңы кептеліспен аяқталды.
Нәтижесінде, адамдардың қалың тобында бірнеше бала жоғалып кеткен. Оқиға орнына тәртіп орнату және жағдайды анықтау үшін полиция қызметкерлері келді.
Қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше кәсіпкер бұл шараны заңсыз ұйымдастырған. Салдарынан тегін таратылған балмұздаққа таласқан ересектер бір-бірін таптай жаздаған.
1 маусымда Ақтау қаласындағы «Abu Baby» балалар киім дүкені азық-түлік пен сыйлықтарды тегін тарату бойынша іс-шара ұйымдастырды. Аталған шара жергілікті атқарушы органға алдын-ала хабарламай және келісім алмай өткізілген. Салдарынан адамдар көп жиналып, қоғамдық тәртіп бұзылды, - деп жазылған хабарламада.
Дүкен иесіне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-1-бабына сәйкес (қоғамдық іс-шараны хабарламай не келісім алмай өткізу) 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Әкімдік азаматтардың жаппай қатысуымен өткізілетін кез келген іс-шара, соның ішінде қайырымдылық акциялары, азық-түлік пен сыйлықтарды тарату сынды іс-шаралар қоғамдық орындарда өткізілген жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, тиісті елді мекеннің әкімдігімен міндетті түрде алдын ала келісілуі қажет екенін еске салды.
Жұртшылық видео астында бұлай ұйымдастыруды құптамады.