Академия құрылысы үш кезеңмен жүргізіледі
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Талғар ауданына барды. Сапар барысында өңір басшысы болашақ «Атлетико де Мадрид» футбол академиясының құрылыс алаңында болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жоба Талғар ауданындағы жұмыс істеп тұрған «Ақбұлақ» спорт орталығының базасында жүзеге асырылуда. 2024 жылдың қыркүйек айында «Sport Asset Management» қоғамдық бірлестігі мен «Doscar Group» ЖШС испаниялық «Атлетико де Мадрид» футбол клубымен бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойды. Осы келісім аясында Орталық Азияда алғашқы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясын құру жоспарланған.
Академия құрылысы үш кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезең – балалар академиясының нысандарын салу – 2025 жылдың мамырында басталып, 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда қонақүй ғимараты қайта жаңартылып, бір футбол алаңының реконструкциясы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысанның пайдалануға берілу мерзімі – 30 маусым.
Қазіргі уақытта келесі нысандар бойынша жобалық құжаттамаларды келісу жұмыстары жүргізілуде:
Жобаның екінші кезеңінде кәсіби футбол командаларына арналған инфрақұрылым құрылмақ: табиғи шөп төселген екі ашық алаң, жасанды жабыны бар бір алаң және толық жабдықталған әкімшілік кешен.
Ал үшінші кезеңде 10 мың көрерменге арналған үлкен стадион салу көзделіп отыр.
Академия тек спорттық база ғана емес, болашақта әлемдік деңгейдегі футболшыларды дайындайтын орталыққа айналып, қазақстандық футболдың дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде.
Аталған жобаға Алматы облысы әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетеді. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, қажетті рұқсат құжаттарын жеделдету және құрылыс барысын үйлестіру – өңір басшылығының тұрақты бақылауында.