Алдымен ескек есу спорт түрі бойынша жаттығу жасайтын спортшыларға арналған спорт кешенінің құрылысымен танысты
Бүгін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласының батыс ауданында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың барысын бақылап, тиісті тапсырмалар берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Аймақ басшысы ең алдымен ескек есу спорт түрі бойынша жаттығу жасайтын спортшыларға арналған жаңа спорт кешенінің құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатқанымен, әкім нысан сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.
«Жезқазған – спорттық әлеуеті жоғары қала. Біз талантты жастарға жағдай жасап, олардың халықаралық деңгейде жетістікке жетуіне мүмкіндік беруіміз керек. Бұл кешен – болашақ чемпиондардың ұясы болуға тиіс», – деді Дастан Рыспеков.
Келесі нысан – бірнеше көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы. Бұл жобалар өңірдегі баспана мәселесін шешуге бағытталған. Әкім құрылыс қарқынын арттыруды және құрылыс сапасын үнемі бақылауда ұстауды міндеттеді. Сонымен қатар, пәтерлер алдымен кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға берілуі тиіс екенін ескертті.
Сапар барысында облыс басшысы батыс ауданында жүргізіліп жатқан инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым тарту жұмыстарының барысымен де танысты. Атап айтқанда, су, кәріз, электр және жылу желілерінің жүргізілу сапасы мен мерзімі талқыланды.
«Батыс аудан – Жезқазғанның болашағы зор бөлігі. Мұнда тек үй салып қою жеткіліксіз. Біз толыққанды өмір сүруге қажет барлық инфрақұрылымды қатар дамытуымыз қажет. Бұл кешенді әрі жүйелі жұмысты талап етеді. Бұл аумақта жуық арада конгресс холл, 250 орындық емхана және оқушылар сарайы, мұз сарайы мен заманауи мектептің құрылысы басталады», – деді өңір басшысы.
Кездесу қорытындысы бойынша өңір басшысы барлық құрылыс нысандарына техникалық және авторлық қадағалауды күшейтуді, мердігер компанияларға құрылыс мерзімін сақтауды, инфрақұрылым тарту жұмыстары барысында тұрғындарға қолайсыздық туғызбауды, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің сапасын бірінші кезекке қоюды тапсырды.