Гүлшат шетелге бармас бұрын еңбек ететін жерді әбден зерттеп алуға кеңес береді
Қазір екінің бірі шетелге барып жұмыс істеп, табыс тапқысы келеді. Барғысы келіп жүргендер де, барып келгендер де аз емес. Солардың бірі – Гүлшат есімді азамат жақында подкасттардың біріне сұхбат беріп, Англияда қалай жұмыс істегенін баяндап берген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Гүлшат ханым – 15 жыл бойы мұғалім болып еңбек еткен, кейін өмірін түбегейлі өзгертіп, шетелде жұмыс істеу жолына түскен ерекше жан. Ол Англияда, Ирландияда, Германияда, Түркияда тұрып, жұмыс істеп көрген. Қазіргі таңда Польшада еңбек етіп жүр.
Барғанда мазақ қылды
Кәмшат Темірбекқызына берген сұхбатында Гүлшат ханым өз жолын ашық, шынайы, бүкпесіз баяндаған. Алғаш шетелге шығу сәтінен бастап, қандай қиындықтардан өткенін, қандай шешімдер қабылдағанын, барлығын толықтай айтып берген.
«Қазір 43-темін. 39 жасымда Англияға бармас бұрын 15 жыл мұғалім болдым. Арасында балалар (жетімдер) үйінде еңбек еттім. Балалар үйінде жас жеткіншектерге «өмірде қолыңнан бәрі келеді, өмір бір-ақ рет беріледі, тек арман-тілегің болуы керек» деп түсіндіретінбіз. Күн де солай айтатынбыз. Бір күні «өзім осы жерде не істеп жүрмін, қалағаным осы ма еді?» деген ой келді. Негізі әке-шешемнің қалауымен мұғалім болғанмын. Сөйтіп жүріп күйеуге шықтым. Бұл жұмыстар бірақ маған ұнамады. Балалар үйіндегі балалардың тағдырын білген сайын түңіліп кететінсің. Стресске көп түстім. Маған да өмір бір-ақ рет беріледі ғой деп ойлана бастадым. Бір сәтте солай жұмысты тастап кеттім», - дейді Гүлшат.
Гүлшат осылайша мұғалімдіктен сауда өкілі ретінде барып, ол жұмыстан да шығып кеткен. Бір күні Англияға баратын адаммен кездесіп қалған. «Қалай барасың?» деп сұраған кезде әлгі адам бәрін түсіндіріп берген. Гүлшат Тараз бен Алматының арасында жиі жүріп, елшілік арқылы құжаттарын тапсырып, Солүстік Ирландияның Бэлфест деген қаласына шығып кеткен. 2022 жылдың тамызында Бэлфестте саңырауқұлақ теріп, ақша табу үшін 300 мың теңгеге билет алған. Консулдық жиынтыққа 160 мың теңге төлеген. Осы шығынның бәрін жабу үшін 1 млн теңге несие алған. Өз қалтасында 1 млн теңге болған.
«Барсақ бізден бөлек басқа елдерден барғандар көп екен. Болгарлар, украин, орыстар да бар. Кейбірі “қазақсыңдар ма, Қазақстаннан да шақыратын болған ба” деп бізді жақтырмады. Үүш қабатты үйге әкелді. Онда қырғыздар тұрады екен. Екі адамды (құрбысы) бір жерге орналастырды. Келсек, жұмыс жоқ. «Бір аптадан кейін шығасыңдар» деді. Бір апта жаттық. Келісім жасады, банк шотын ашты. Бір апта өтті. Бірінші күні жұмысқа шыққан кезде оңай болмады. Қай мемлекет болмасын, басқа елден келгендерді ұнатпайтынын байқадым. «Неге келдіңдер?» деді бізге. «Бұл жерде шыдай алмайсыңдар» деді. Болгарлықтар да бізді жақтырмады. Олар да «жетпегені қазақтар болды» дегендей қарады. Саңырауқұлақ тердік. Жұмыс қиын емес. Бірақ қарым-қатынас қиын болды. Жұмыстағы адамдар дұрыс болмаса, жұмыс істеу де қиынға түседі екен», - дейді ол.
Гүлшат сол жердегі әкімшілер, үйлестірушілер күн көрсетпегенін, олар адам құрлы көрмегенін есіне алады. Сөзінше, ол жерде бастықтың ұлты ағылшын болса, қол астындағы азаматтардың бәрі де басқа ұлттан болған. Солармен тіл табысу қиынға түскен.
«Бізді мазақ қылғандар көп болды. «Жұмыс істей алам деп ойлайсыңдар ма?» деп жекиді. «Сіздер істей алатын істі біз де істей аламыз» дейміз. Мемлекет ол жерде әр фермердің қол астындағы жұмысшысының айлығының 50 пайызын жауып береді екен. Жұмыс беруші не істейді? Саңырауқұлақтар алқаптары бар. Келісім бойынша күніне 10 сағат жұмыс істеп, мен 55 мың теңге табуым керек. Мен аптасына 6 күн бойы 55 мың теңгеден тапсам, байимын деп келгенмін ғой. Шын мәнінде, бір саңырауқұлаққа бес адамды кіргізеді. Олар жоспарды орындауы керек. Сағатқа үлгеруі тиіс. Алады да сол жерге 10 адамды кіргізіп жіберіп, «жоспарды орындаңдар» дейді. Біз сияқтыларды алып, жұмыс өнбейтін жерге қойып қояды. Тересің. Теріп жатсаң, «қалай жоспарды орындамақсыңдар? Тезірек істеңдер» деп айқайлайды. Саңырауқұлақ 3 сағатта бітеді. Жоспарды 10 адам орындамаған болып шығады. Ақыр аяғында 3 сағат қана істейсің. Біз сонда қанша таптық деп ойланып қалдық», - дейді Гүлшат.
Бэлфестке барғандар күніне тұратын жерлеріне 200 мың теңге төлеген. Оның үстіне алатын азық-түлік бар. Ең қиыны, тапсырыс бар күндері ғана жұмыс пайда болады. Жоспар орындалмай, Гүлшат ойлаған табысын ала алмаған.
«Келісім бойынша екі аптада норманы орындауың керек. Істей алмасаң қайта бер дейді. Қайдағы жоспар? Саңырауқұлақ жоқ. Жатқызып қояды. Азық-түлік алып жатырмыз. Қымбат. Бір дүкенге 20-30 мың теңге қалдырып кетесің. Жұмыс іздеп кеттік. Алма теретін жер тауып алдық. Құрбым Украина азаматтары арқылы алма теретін орынды тауып алдық. Қожайыны бір шал кісі екен. Жұмысқа екі сағат жаяу жүріп барамыз. Алма деген ауыр. Бір жәшігіне 20 мың теңге төлейді. 10-15 күндей тердік. Сонымен күн көрдік. Шығынымызды жауып, ақшаны солай жинадық. Елдің бәрі Лондонға барып жұмыс істейтінін естідік. Сол жердегі әкімшілер «қазақтарың Лондонда қаптап жүр, сол жаққа барып жұмыс істеңдер» дейді. Қасымдағы келіншек интернетті ақтарып, «казахи в Лондоне» деген чаттарға кіріп, бес-алты агенттің нөмірін тауып алдық», - дейді ол.
Айына 1,5 млн теңге таптым
Гүлшат пен құрбысы сөйтіп Лондонға келген. Бұл жолы жұмыс агенттігінің басшыс Литва азаматы түнде келген екі адамды ертеңінде жұмысқа шығарып жіберген.
«Лондон алты аумақтан тұрады. Мен екінші аумақта тұрамын. Үшінші аумақта жұмысым болды. Бір керемет үйге келдім. Үй иесі дизайнер әрі мейірімді адам екен. Ол маған бәрін түсіндіріп, үйден шығып кетті. Үйді тазалап, 20 мың теңге алдым. 4,5-5 сағат жұмыс істегенім үшін сонша берген. Әр үйге барып, ақшамды конвертпен алып жүрдім. Агентттік менің ақшамның 20 пайызын алып отырды. Үй иелері кейде «чаевые» береді. Оны өзімізге алып қаламыз», - дейді ол.
Гүлшат бір үйге барып, бес ай бойы итін баққан.
«Лондонның адамдары өте жақсы адамдар. Қарым-қатынасы, сенімі, мәдениеті жоғары. Үйдің кілтін саған тастап кетуі мүмкін. Жекімейді. Үйін тазалап берсең, керемет мақтап, ынталандырады», - дейді ол.
Ирландиядағы бір айын жоғалтқаны болмаса Гүлшат Англияда айына 1,5 млн теңге табыс тауыпты. Бірақ ол ақшаны табу үшін қатты қиналғанын мойындайды.
«Мен таңғы төртте тұрамын. Бесте метрода отыруым керек. Таңғы бес-алтыдан бастап, мейрамхана, балабақша, музыка мектептерін тазаламаймыз. Үй мен үйдің арасында жүгіріп жүрген кездер болды. 1,5 млн теңгені айына солай таптым. Тамақ ішпей жүрген кездерім болды. Айына 500 мың теңгені өз шығыныма ұстап, 1 млн теңгеден ұстадым», - дейді Гүлшат.
Табысқа қарамастан Гүлшат Лондондағы жұмысы денсаулығына әсер еткенін, ұйқысы аз болғанын мойындайды. Англиядан кейін Түркияға барған. Қазір өзі Польшада еңбек етеді.
«Көбірек төлейтін емес, жұмысы көбірек жерді іздеу керек. Себебі сағатына бәріне бірдей төлейді. Бір күнде бәрібір 12 сағаттан артық жұмыс істей алмайсың. Бір жерге кірдің бе, соңына дейін шыдау керек. Үйреніп алғаннан кейін саған ол оп-оңай болады. Уақыт жоғалтпайсың. Жұмысыңды қорықпай істей бересің. Бір жұмыстан екіншісіне секіре бермеу де керек, – дейді Гүлшат.