Әлемге әйгілі әнші Қазақстанға келуі мүмкін
«Астана Концерт» продюсері Мәлік Хасеновтың айтуынша, әйгілі поп-орындаушы Шакира Қазақстанда концерт беруі мүмкін, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл ақпарат блогер Камиль Байрамовтың парақшасында жарияланған видеода айтылды. Бейнежазбада блогер Хасеновпен әңгімелесіп, Дженнифер Лопестен кейінгі келесі әлемдік жұлдыз ретінде Шакираны шақыруды ұсынған.
– Біз қазір Шакирамен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер бәрі жоспар бойынша жүрсе, келісімді осы күзде нақтылаймыз, – деді Мәлік Хасенов әлеуметтік желіде жарияланған видеода.
Қазіргі уақытта толық ақпарат жарияланған жоқ. Алайда егер келісімге қол қойылса, Қазақстан әлемге танымал әншінің ауқымды шоуына алаң болмақ. Бұл оқиға 1 тамызда Астанада өткен Дженнифер Лопестің концертінен кейінгі тағы бір ірі мәдени шара болуы тиіс. Айта кетейік, Лопес 10 тамызда Алматыда екінші рет өнер көрсетпек.
Егер Шакираның келуі расталса, Қазақстан Орталық Азияда әншінің жеке концерт қойған алғашқы еліне айналады.
Айта кетейік, биыл сәуір айында Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева Лара Фабиан мен Шакираның концерттеріне барғысы келетінін айтқан болатын.