Шымкент қаласы әкімі орынбасары Руслан Берденовті атып, онысын сотта мойындап отырған Ернар Жиембай оқты жәбірленушіге бағыттап атпағанын айтады
Ернар Жиембай мылтықтан шыққан соңғы оқтан Руслан Берденов жараланғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Мылтық атылған кезде оқ рикошетпен тиді ме, әлде оқтың бір бөлігі тиді ме білмеймін. Өйткені мен нақты ол кісіні көздеген жоқпын”, – дейді Жиембай.
Сотталушы Ішкі істер министрлігінің академиясында оқығанын, қару-жарақты қалай пайдалануға болатынын жақсы білетінін ашып айтты. Прокурор “егер қорқытам десеңіз немесе шетке немесе аспанға атпадыңыз?” деп сұрады. Бірақ Жиембай “мен шетке аттым” деген сөзінен танбады. Алайда оқ оң жақ кеуде қуысына тиген. “Бұл жарақаттар қайдан пайда болды?” деп сұрады прокурор. Оған жауап берген Жиенбай “медициналық сараптама екінші рет өтті, екінші сараптамада нақты бәрі жазылған, оқ арқадан алға тиген, суреттеріне дейін бар. Ол дәлелдемелер тұрғанда бәрін қайталап айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын” деді ол.
Прокуратураның мәліметінше, Жиембай өзін жұмыстан шығаратыны туралы әңгімені құлағымен шалып қалып, осы жағдай оны қылмысқа итермелеген.
Оқиға 2025 жылдың 21 сәуірінде әкімдік ғимаратының жанында болған. Руслан Берденов аңшы мылтығынан атылған оқтан жамбас және иығынан жараланып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған.
Айыпталушы – 31 жастағы Ернар Жиембай, «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы директоры. Тергеу дерегіне сүйенсек, ол әкімдік ғимаратының жанында Руслан Берденовке бес рет оқ атқан.
Судья Әбінұр Қарабаев негізгі сот отырысына Руслан Берденовтің өзі келіп қатысуы тиіс деп шешім шығарды. Алайда жарақатынан толық айықпағандықтан, Берденов сотқа қатыспады.