Мемлекет басшысы ұлы ақынның мұрасы ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті
Ақорда Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өтетін салтанатты іс-шараға қатысушыларға арналған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мемлекет басшысы құттықтауында Ұлы Абайдың еңбегін ерекше атап өтті. Төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын деп атайды. Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейткенін, өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптегенін атап өтті.
Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында. Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді. Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық. Ұлы Абайдың аманатына адал болайық! — дейді Тоқаев.
Абайдың 180 жылдығы
Биыл Абай облысында ұлы ақынның 180 жылдығы аталып өтеді. Үлкен той 1 тамызда басталған. Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Abai akademiasy» атты энциклопедиялық порталдың тұсаукесерінен басталды. Ақын шығармашылығына арналған тұңғыш энциклопедиялық порталдың таныстырылымына облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар қатысты. Ауқымды іс-шара аясында айтыс, концерт, Абай оқулары, спорт сайыстары ұйымдастырылды. Ұлы ақынның 180 жылдығы 10 күн бойы тойланып, бүгін аяқталады.