MediaNet Халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен ынтымақтаса отырып, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен Қазақстандағы тіл мәселесі жөнінде сауалнама жүргізген
Сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың әлі де үш тұғырлы тілді құп көретінін көрсеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мейлінше қолайлы тіл саясатын бағалауға келгенде қазақстандықтардың пікірі теңдей бөлінді деуге болады: әр үшінші респондент (33,8%) барлық тіл тобының құқығын тең сақтай отырып, тіл алуандығын дамытуды қолдайды, үштен біріне жуығы (30,8%) орыс және ағылшын тілдерінің рөлін сақтай отырып, қазақ тілін белсенді дамыту қажет деп санайды.
Мансап жолы мен кәсіби қызметтегі тілдің қажеттілігі деген негізгі көрсеткіш бойынша қазақ тілі көш бастауы – маңызды жайт. Азаматтардың басым көпшілігі (80,1%) қазақ тілін білу қажет деп көрсеткен. Респонденттердің үштен бірінен астамы (35,5%) орыс тілі маңызды десе, 23,8%-і ағылшын тілін көрсеткен.
Сауалнамаға қатысушыларға қазақ тілін дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін бес балдық шкаламен бағалау ұсынылды, мұндағы 5 өте тиімді болса, 1 мүлдем тиімсіз дегенді білдіреді. DEMOSCOPE сауалнамасы респонденттердің жартысына жуығы (47,2%) қолданыстағы тіл стратегиясын өте тиімді деп бағаласа, 18,2%-і тиімді деуге болатын шығар деп жауап бергенін көрсетті. Ал жалпы қазақстандықтардың 28,5%-і қолданыстағы мемлекеттік тілді дамыту саясатын нәтижесіз деп есептейді. Оның ішінде 4,5%-і мүлдем тиімсіз десе, 24%-і жеткілікті деңгейде тиімді емес дейді.
Бір айта кетерлігі, бұл мәселеде қарым-қатынас тілі тұрғысынан корреляция бар. Қазақ тілін дамыту саясатының тиімділігіне мейлінше қанағаттанбау орыстілді респонденттер арасында байқалды (33,6%). Қазақша да, орысша да білетіндер арасында мемлекеттік тіл саясатын дамытуға көңілі толмайтындардың үлесі – 24,1%. Ең төменгі көрсеткіш қазақтілді респонденттер арасында – 19,4%.
Таяу уақытқа дейін Қазақстанның негізгі тіл тұжырымдамасы үш тұғырлы тілді дамыту болатын, қоғамның қазақ (мемлекеттік тіл ретінде), орыс (ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде) және ағылшын тілдерін (жаһандық экономикаға араласу тілі ретінде) меңгеруін көздейтін стратегияны экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы жариялаған.
Азаматтардың пікірі қандай
20 жылға жуық жүрген мұндай үш тұғырлы тіл үлгісінің нәтижесін табысты болды деу немесе қазақстандықтардың көпшілігі күнделікті басшылыққа алған бағдар болды деу қиын. Әйтсе де, сауалнамаға қатысқандардың жартысы (50,7%) үш тұғырлы тіл идеясы Қазақстан үшін әлі де өте өзекті деп санайды. 32,8%-і өзекті шығар десе, 12,7%-і өзекті емес шығар және мүлдем өзекті емес деп есептейді.
Ал мемлекеттік тіл саясатының негізгі міндетінің бірі – қазақ тілінің мәртебесін нығайту және оның дамуына жағдай жасау. Сауалнама барысында мемлекеттік тілдің дамуына бөгет болып отырған кедергілер туралы сұрақ болды, азаматтардың пікірі мынадай (бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілді):
Бір қызығы, мемлекеттік тілді дамыту мәселесін қабылдауда да респонденттердің жауап беру тіліне байланысты айтарлықтай айырма байқалды. Атап айтқанда, кәсіби оқытушылар жеткіліксіз деп санайтын орыстілділердің үлесі – 34,1%, екі тілде де сөйлейтіндер 32,4% болса, мұндай жауапты белгілеген қазақтілділердің үлесі – 18,1%.
Қазақстанның Ресейдің ақпарат кеңістігіне араласу мәселесін қазақтілді азаматтардың 19,4%-і көрсетсе, екі тілде де сөйлейтіндердің 14,7%-і, ал орыстілділердің 8,4%-і ғана осы нұсқаны таңдаған.
Респонденттер қазақ тілін дамытуда қай шаралар мейлінше тиімді екенін де бағалады (бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілді):
Сапалы білімді қай тілде көбірек алуға болады
DEMOSCOPE бюросы респонденттер Қазақстанда қай тілдегі білім мейлінше сапалы деп санайтынын да сұрап білді. Жауап бергендердің көпшілігі (37,7%) қазақ тіліндегі білім сапалы деп санайды. Бестен бір бөлігі (23,3%) орыс тілінде сапалы білім беріледі десе, 4%-і ағылшын тілін көрсеткен. Ал респонденттердің 27,6%-і білім сапасының деңгейі оқу тіліне байланысты емес деп санайды.
Бұл сұрақ бойынша да респонденттердің тіліне байланысты айырмашылық байқалды. Сауалнамаға қатысқан қазақтілді азаматтардың 53,5%-і мемлекеттік тілде оқыту сапасы жоғары деп есептейді. Осы топтағылардың 7,9%-і ғана орыс тіліндегі білім мейлінше сапалы деп санайды. Керісінше, орыстілді респонденттердің 45,3%-і орыс тіліндегі білім сапасы жоғары десе, бұл топтағылардың 13,3%-і ғана қазақ тілінде оқытуды сапалы дейді. Қазақ тілін де, орыс тілін де меңгерген респонденттердің үштен бірі (33,5%) орыс тілінде білім сапасы жоғары десе, төрттен бірі (25,9%) қазақ тіліндегі білімді мейлінше сапалы санайды.
Ересек кезеңде қазақ тілін үйрену мүмкіндігі – «тіл мәселесін» шешудегі тағы бір маңызды тақырып. Сауалнама нәтижесі жанама түрде қоғамдық инфрақұрылым мен тиімді оқыту әдістемесі жоқтығын, сонымен қатар қолданыстағы ересектерді оқыту үлгісіне табысты шетелдік тәжірибе мысалында аудит жүргізу қажеттігін көрсетіп отыр.
Сауалнама барысында респонденттердің жартысына жуығы 18 жастан асқаннан кейін қазақ тілін меңгерген адамды кездестірмегенін айтты. 33,5%-і бірнеше жағдайды ғана біледі, ал 15,5%-і мұндай мысалды көптеп кездестіргенін айтты.
«Сауалнама нәтижесі, күткеніміздей, респонденттердің тіліне байланысты «тіл мәселесін» қабылдау мен бағалауда, сонымен бірге бірінші кезектегі міндеттер мен қордаланған мәселелерді шешу бағытындағы әрекеттер жөнінен айырмашылық бар екенін көрсетті, — деп атап өтеді сауалнама жүргізушілер.