Оқу-ағарту министрлігі егер мұғалімдер өз міндетіне жатпайтын еңбекке тартылып, бірақ сол үшін шағымданудан қорықса жасырын түрде арыз түсіре алатынын хабарлады
Жасырын түрде шағым бере алатын мұғалімдердің шағымын әдеп жөнінде кеңес қарайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Журналистер Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Шынар Ақпароваға мұғалімдердің құқығы қандай жағдайда жиі бұзылатынын сұраған. Оның айтуынша, өңірлерде мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына тартып, мектепке қажетті кеңсе тауарларын сатып алуға мәжбүрлеген. «Солай мәжбүрлегендер жазаланды» дейді министрліктің өкілі.
Шынар Ақпарованың айтуынша, егер мұғалімдердің құқығы бұзылса, алайда олар айтуға қорықса, педагогикалық этика жөнінде кеңеске анонимді түрде жүгіне алады. Ол шағымдар да қаралады.
“Жергілікті білім бөлімдері мен басқармалардың сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшалары бар. Сол жерде кеңестердің байланыс нөмірлері жазылған. Сонымен қатар, осы кеңестің аясында жоспарлы түрде департаменттерде мәжілістер өтіп тұрады. Сол кезде білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес – әдеп кеңесі жұмыс істейді”, – дейді ол.