×

Сорға айналған Сорбұлақтың мәселесін Үкімет деңгейінде қолға алу керек – Қасқарауов

Дептутат Данияр Қасқарауов Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, әлі күнге шешімін таппаған Сорбұлақ мәселесін көтерді

Сорға айналған Сорбұлақтың мәселесін Үкімет деңгейінде қолға алу керек – Қасқарауов
Ашық дереккөзден

Депутаттың айтуынша, еліміздегі айдын-көлдердің ахуалына назар аударатын уақыт жетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қасқарауов мәселен, жылдар бойы айтылып жауыр болған, бірақ әлі күнге шешімін таппаған Сорбұлақ мәселесін бүгін тағы көтеруге мәжбүр болды. Кәріз сулары жиналатын бұл көл Алматы облысы, Іле ауданында орналасқан. Алматы қаласының қалдықтары төгілетін шұңқыр 1937 жылдан бері жергілікті тұрғындардың тынысын тарылтып, кенезесін кептіріп отыр. Халық шулап, экологтар қанша дабыл қақса да жергілікті биліктің бұл мәселені шешуге құлқы жоқ. Әсіресе жаз мезгілінде Сорбұлақтан шыққан жағымсыз иіс жан-жаққа таралып, жақын маңдағы ауыл-аймақты түгел тұншықтырып жатыр.  Бұл бірінші мәселе.

“Екіншіден: Сорбұлақ көліндегі су құрамында зиянды химиялық заттар, ауыр металдар мен органикалық қалдықтар бар. Мұны биыл шілде айында жүргізілген зерттеу нәтижесінен көруге болады. Мендегі мәлімет бойынша су құрамында 31 түрлі химиялық заттар мен ауыр метлдар бар екен. Зертханалық тексеріс кезінде кадмийдің мөлшері қалыпты нормадан төрт есе көп екені көрсетілген. Бұл дабыл қағатын жәйт. Өйткені кадмий көзге көрінбейтін у. Оның буы өкпе, бүйрек, ішкі құрлыс, жүйке жүйесі мен сүйекті зақымдап, онкологиялық аурулар тудыруы мүмкін. Бұл радиация адам ағзасында жылдар бойы жиналады. Демек Сорбұлақтың айналасындағы ауыл тұрғындарының денсаулғына зиян келіп жатыр деп айтуға толық негіз бар”, – дейді ол.

Үшіншіден, Сорбұлақ көлінің сыйымдылығы шамамен 1 млрд текше метр. Алматы агломерациясы өскен сайын, кәріз суы да көбейген. Тиісінше Сорбұлақ та тола бастаған. Қазір 750 млн текше метр су жиналған. Табанындағы топырақ тұрақсыз, су астындағы шөгінділер жылжып жатыр деп дабыл қағады экологтар. Нөсерлі жауын-шашын. көктемгі су тасқыны немесе қуатты зілзала болса Сорбұлақ арнасынан асып кетуі мүмкін.

“Бетін аулақ қылсын, мұндай жағдай болса Ақши, Күрті ауылдарын тасқын шайып кету қаупі бар. Тіпті лас су Іле, Балқаш, Қапшағай көлін ластап, үлкен экологиялық апатқа соқтырады. 1988 жылы дәл осы кәріз сулары жиналатын Жаманқұм бөгеті бұзылып, 13 адамның қаза тапқанын бәріңіз білетін шығарсыздар? Осы апаттан кейін Алматының қалдық сулары Сорбұлақ шұңқырына құйыла бастады”, – дейді Қасқарауов.

Сондықтан депутат сорға айналған Сорбұлақтың мәселесін Үкіметтік деңгейде қолға алу керек деп есептейді. Ол үшін төмендегі ұсыныстарды енгізді:

  1. Сорбұлақтың суын, құрамын, деңгейін, қауіптілігін тексеретін мемлекеттік комиссия құру қажет. Оның құрамына экологтарды, осы саланың мамандарын, сарапшыларды және тәуелсіз зертхана өкілдерін қосу керек. Себебі су құрамын және ондағы қауіпті химиялық элементтердің мөшерін анықтаумен «Алматы Су» мекемесінің өздері айналысып жүр. Бұл көл осы мекеменің балансында болғандықтан олар объективті қорытынды шығармайды. Қазақша айтқанда өз қолдарын өздері шаппасы анық.
  2. Республикалық бюджеттен қаражат бөліп, кәріз суларын тазартатын заманауи станциялар салу керек. Лас қалдықтарды сүзгіден өткізіп барып Сорбұлаққа құю қажет. Сонда қолқаны қабатын сасық иіс жоғалып, тұрғындардың тынысы ашылады.
  3. Сорбұлақтың суына сіңіп кеткен қыруар қаражаттың мақсатты жұмсалуын тексеріп, мемлекеттік аудит жүргізу керек. Өйткені Сорбұлақты тазартамыз деп талай жоба басталған. Бірақ бәрі аяқсыз қалды. Бөлінген қаржы көлемі мен қалай игерілгені туралы мүлде ақпарат жоқ. Ақшаның сайда саны, құмда ізі жоқ.
  4. Сорбұлақтың суын ортайтып, тиімді пайдалау  үшін Су шаруашылығы және иррегация министрлігімен біресіп жоба дайындау керек. Қажет болса канал салып, суды ауылшаруашылық мақсатқа пайдалануға болады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →