Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов 2029 жылға дейін жалпы құны шамамен 7 трлн теңгелік 46 инвестициялық жобаның іске асырылып, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылатынын айтты
Бүгін Атырауда облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу” атты Жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыру жөнінде жиын өтті. Оған депутаттар, басқарма басшылары, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері, қала және аудан әкімдері қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Серік Шәпкенов Президент Жолдауының ел дамуының жаңа кезеңіне бастау болатын стратегиялық құжат екенін атап өтті. Өңірде Жолдауда белгіленген негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізуге айрықша назар аударылған. Айталық, Атыраудағы “Nazar” жобасы аясында 64 мектепке 2 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Алда бұл жүйе ЖИ негізінде оқушылардың сабаққа қызығушылығы мен белсенділігін бағалауға мүмкіндік бермек. Екінші жоба – қаладағы қауіпсіздікті арттыруды көздейтін “ақылды” камералары бар «Aqyldy Qala» жобасы.
Облыс әкімі 2029 жылға дейін жалпы құны шамамен 7 трлн теңгелік 46 инвестициялық жобаның іске асырылып, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылатынын айтты. Бұған қоса, өңірде құны 6,5 трлн теңгелік бес ірі мұнай-газ химия кешені салынуда, бұл жобалар мың адамды жұмыспен қамтымақ.
Ал ауыл шаруашылығы саласында жер учаскелерін қайтару және оларды тиімді пайдалану, агрохабтарды дамыту, суды үнемдеу технологияларын енгізуге басымдық берілген. Бүгінде құрама жем зауыты мен бордақылау алаңы пайдалануға берілді. 2027 жылға дейін жалпы құны 48 млрд теңгелік тағы 12 жоба жүзеге асырылады.
Көлік саласында 2024 жылы 300 шақырымнан астам жол жөнделіп, сапа көрсеткіші 78%-ға жетті. 2025 жылы бұл көрсеткіш 82%-ға дейін өспек. Қазір Атырауда солтүстік айналма жолы салынып жатыр, сондай-ақ “Атырау–Доссор” және “Атырау–Орал” автожолдарын модернизациядан өткізуге дайындық жүргізілуде. 2027 жылға қарай 15 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылып, әуежайдың өткізу қабілеті жылына 3 миллион жолаушыға жетеді.
Экология саласында 2021 жылмен салыстырғанда зиянды шығарындылар көлемі 24%-ға азайған, «Сасық сай» полигонының 476 гектары рекультивацияланды, тазарту имараттары мен тұрмыстық қалдық полигондарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Әлеуметтік салаға баса назар аударылуда: жаңа мектептер, медицина нысандары мен спорт кешендері салынуда. Дәрігерлер баспанамен және жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етіледі. Өңірдегі қауіпсіздікті арттыру үшін 60 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, интеллектуалды бақылау жүйелері енгізілуде.
Кеңесте су шаруашылығы ардагері Айгүл Арыстанова, “Ауыл” партиясы облыстық филиалының төрағасы Нұртас Байжанов, IT Hub менеджері Равиль Қаржауов және жол саласының ардагері Ержан Рысқалиев сөз алып, Жолдауда көтерілген бастамалардың маңызын атап өтті.
Серік Шәпкенов жиынды қорытындылай келе: “Қай-қай бастаманың да басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен өңірдің тұрақты дамуы. Бұған күш біріктіргенде ғана қол жеткізе аламыз”, – деді.