×

Қазақстанда зейнетақы ақшасын тіс емдеуге пайдалануға мүлде тыйым салынуы мүмкін

Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге төлеу үшін пайдалануды алып тастауды ұсынып отыр

Қазақстанда зейнетақы ақшасын тіс емдеуге пайдалануға мүлде тыйым салынуы мүмкін
Ашық дереккөзден

Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрліктің мәліметінше, мұндай бастама анықталған заңбұзушылықтарға байланысты көтерілген.

«Жобада зейнетақы жинақтарының біржолғы төлемдерін стоматологиялық қызметтерге (тіс протездеу, имплантация) пайдалану мүмкіндігін алып тастау көзделіп отыр. Бұл – жинақтарды мақсатсыз пайдалану жағдайларының анықталуына байланысты қабылданып отырған шара», – делінген НҚА сипаттамасында.

Жобаны қоғамдық талқылау 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Әзірге оған пікір қалдырылмаған.

Еске сала кетсек, 27 сәуірден бастап зейнетақы жинақтарының біржолғы төлемдерін емдеуге пайдалану ережелеріне өзгерістер күшіне енген болатын. Бұл шаралар құжаттарды қолдан жасау және қаражатты мақсатсыз жұмсау фактілері көбейгеннен кейін бақылауды күшейту үшін қабылданды.

9 қыркүйекте Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Президентке зейнетақы жинақтарын пайдалану кезіндегі заңбұзушылықтар жөнінде баяндады. АФМ дерегінше, БЖЗҚ-дан стоматологиялық қызметтер деген желеумен негізсіз 200 млрд теңге шығарылған.

15 қыркүйектен бастап «Отбасы банк» тіс емдеуге зейнетақы жинақтарының артығын пайдалану жөніндегі өтініштерді уақытша қабылдауды тоқтатты. Сол күні Атырау облысында азаматтарға зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан шығарып алуға көмектескен бес қылмыстық топ әшкереленгені белгілі болды. Қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары 30-дан астам стоматологиялық клиниканы пайдаланған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →