Министр болған оқиғаларға қатысты ішкі істер органдары тарапынан да кінә бар екенін мойындады
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет сағатынан кейінгі брифинг барысында Талғар қаласында соңғы уақытта жиі орын алып жүрген резонансты қылмыстардың себебі туралы пікірін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ержан Сәденовтің айтуынша, қала көрікті болғанымен, оның инфрақұрылымы халықтың өсіміне ілесе алмай отыр.
«Қала әдемі, бірақ өкінішке қарай, инфрақұрылым жеткіліксіз. Менің білуімше, онда 500 мыңнан астам тұрғын бар. Бұл іс жүзінде Алматының маңындағы қала. Дегенмен штат тапшылығы бар, кейбір олқылықтар кеткен. Жауапты тұлғалар тиісті жазасын алды – алғашқы жағдай кезінде де, кейінгіде де», – деді министр.
Ол Талғар халқының жылдан жылға көбейіп келе жатқанын атап өтіп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект профилактикалық жұмысты алмастыра алмайтынын жеткізді.
«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде учаскелік инспекторлардың рөлі ерекше. Қаладағы жағдайды жақсарту үшін бейнебақылау жүйесін кеңейтіп, жедел басқару орталығын ашу көзделіп отыр», – деді Ержан Сәденов.
Министр сондай-ақ болған оқиғаларға қатысты ішкі істер органдары тарапынан да кінә бар екенін мойындады.
«Талдау нәтижесінде біздің қызметкерлер тарапынан да кемшіліктер анықталды. Тергеу органдары мен басшылық уақтылы шара қабылдауы тиіс еді», – деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 4 қазанында Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан болатын. Одан кейін оның отбасы тұрған үй өртке оранды. Бас прокуратура бұл оқиғаны қасақана өртеу деп таныған. 2025 жылдың маусымында Талдықорған соты тоғыз адамды 1,5 жылдан 23 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Ал 2025 жылдың 6 қыркүйегінде қалада тағы бір ауыр қылмыс болды. Ер адам бір тұрғынды өлтіріп, екі жасар қызды ұрлап әкеткен. Кейін баланы анасына қайтарған. Бұл оқиғадан кейін Алматы облысының прокуратурасы полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігі бойынша қылмыстық іс қозғады.