×

Жаңа Салық кодексі күшіне енген соң 300 мың компания жабылуы мүмкін

Ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша, бұл кәсіпкерліктің күйреуі емес

Жаңа Салық кодексі күшіне енген соң 300 мың компания жабылуы мүмкін
pixabay

Қазақстанда жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін шамамен 300 мың компанияның қызметі тоқтауы мүмкін. Алайда Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, бұл кәсіпкерліктің қысқаруы емес, салықтан жалтару үшін құрылған фиктивті фирмаларды жою процесі болмақ, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Вице-министрдің түсіндіруінше, ең алдымен бірнеше заңды тұлғаға жасанды түрде бөлініп, салықтық жеңілдіктер алуға немесе ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуден жалтаруға тырысқан компаниялар жабылады.

«Енді мұндай схемаларға заңдық та, экономикалық та негіз қалмайды», – деді Азамат Әмірин.

Бұған дейін кәсіпкерлер ҚҚС бойынша 83 млн теңгелік табыс шегіне жеткенде, басқа салық режиміне өтпеу үшін жаңа компаниялар ашып отырған. Бұл тәжірибе нарықты «бөлшектеу» мен статистикалық бұрмалауға әкелген. Енді жаңа кодексте 2,35 млрд теңге мөлшерінде бірыңғай шекті табыс белгіленіп, кәсіпкерлерге бір заңды тұлға арқылы жұмыс істеу тиімді болмақ.

«Енді кәсіпкерге бірнеше фирма ашудың қажеті жоқ. Бір заңды тұлға арқылы жұмыс істеген әлдеқайда пайдалы», – деді вице-министр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 18 шілдеде жаңа Салық кодексіне қол қойып, оны соңғы онжылдықтағы ең ауқымды реформа деп атады. Құжат Үкімет пен бизнес арасындағы қызу талқылаулар нәтижесінде қабылданған. Кәсіпкерлер мен салалық қауымдастықтар кейбір нормалар әкімшілік қысымды арттырып, жемқорлық тәуекелдерін күшейтеді деп ескерткен болатын. Соған қарамастан, Үкімет реформаны кейінге қалдырмауды ұйғарды.

Салық кеңесшісі Берік Зайыровтың айтуынша, кодексте «бизнесті бөлшектеу» («дробление бизнеса») ұғымы нақты жазылмаған, бірақ кіріс шегінің ұлғаюы мұндай тәсілді мәнсіз етеді. Ол келесі жылы салық органдары бұл ұғымды нақтылайтын тұжырымдамалық ережелерді қабылдауды жоспарлап отырғанын айтты.

Қазақстан салық консультанттары қауымдастығының мүшесі Анастасия Макова да бұл пікірмен келіседі. Оның айтуынша, «бөлшектеу» түсінігінің нақты критерийлері болмауы кәсіпкерлер арасында белгісіздік пен қорқыныш тудырады.

«Қазір адамдардың уайымы орынды. Кейде отбасылық бизнес иелері, мысалы, ағайынды адамдардың бөлек компаниясы болса да, оны «бөлшектеу» деп түсінуі мүмкін», – деді сарапшы.

Ал Best Solution Research және Альянс отраслевых ассоциаций жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, соңғы уақытта адал кәсіпкерлердің салықтық жүктемесі артып, ал бюджетке түсетін нақты кірістер көлемі өспеген. Сарапшылар егер жаңа ережелер нақты әрі ашық болмаса, реформа кәсіпкерлікті дамыту емес, фискалдық қысым бағытында өрбуі мүмкін деп ескертті.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →