Дрон-шоу, 15 мың көрерменнің қатысуымен Әнұран орындалып, мерекелік концерт ұйымдастырылды
Алматы облысында Республика күні ерекше форматта аталып өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Дрон-шоу, 15 мың көрерменнің қатысуымен Әнұран орындалып, мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Қонаев қаласында алғаш рет ауқымды дрон-шоу өтті. Республика күніне орай ұйымдастырылған ерекше көріністі тамашалау үшін орталық алаңға 15 мыңға жуық адам жиналды. Әуеде 550 дронның көмегімен ерекше композициялар көрсетілді.
Шараның шарықтау шегінде көкте әр қазақстандық үшін қастерлі саналатын «Менің елім, менің елім, Гүлің болып егілемін. Жырың болып төгілемін, елім! Туған жерім менің – Қазақстаным!» сөздері пайда болды. Осы әсерлі сәтте дрон-шоуға жиналған көрермен Мемлекеттік Әнұранды бірге орындады.
Дрондар шоуы барысында көкте халықты жігерлендіретін басқа да бейнелер пайда болды. Мысалы, Қазақстан картасы, Мемлекеттік Ту, ұлттық аспабымыз – домбыра мен ноталар, «Алтын адам» бейнесі, барыс, алма және басқа да композициялар, сондай-ақ әділетті әрі мықты мемлекеттің идеясын айқындайтын «Заң мен тәртіп — Закон и порядок» қағидалары көрініс тапты.
Шоудың соңында дрондар «25 қазан – Республика күні» және Қонаев қаласына деген махаббатты білдіретін жазулар мен бейнелер пайда болды.
Айта кетейік, мереке күні қалада өткен концерттерде облыс өнерпаздары, сондай-ақ Хансұлтан, Мөлдір Әуелбекова, Қуандық Рахым, Асылбек Еңсепов, Esko, Ray, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Il Canto квартеті сынды танымал артистер өнер көрсетті. Кештің жүргізушілері Руслан Арманұлы мен Мұрат Мұтырғанов болды. Қонаевта алғаш рет өткен дрон-шоу мен әсерлі концерт Республика күнінде қала тұрғындары мен қонақтарына үлкен қуаныш сыйлады