×

Жетісуда 46 мың гектар пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Жетісуда 46 мың гектар пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Жеңіс Ысқабай

Жетісу облысының Көксу ауданында соңғы үш жылда пайдаланылмай жатқан 46,9 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 30,2 мың гектары немесе 64,4 пайызы қайта айналымға енгізілді. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан халқымен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қайтарылған жердің 16,4 мың гектары конкурс арқылы, ал 13,8 мың гектары ауданның ауылдық округтеріне қоғамдық жайылым ретінде берілді. Биылдың өзінде 41 учаскеге үш конкурс ұйымдастырылып, 6,4 мың гектар жер пайдалануға табысталды. Ал қалған 16,7 мың гектар жер 2026 жылдың бірінші жартысының соңына дейін шаруа қожалығын ашқысы келетін азаматтарға конкурс арқылы үлестірілмек.

– Ауданның ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор. Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша 24,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Егіс алқабы 30,7 мың гектарды құрайды. 8,8 мың гектар бидай мен арпа орылып, 17,7 мың тонна астық бастырылды. 1,8 мың гектар жүгерінің 1,4 мың гектары жиналып, 12,5 мың тонна өнім алынды. Сонымен қатар 11,5 мың гектар майбұршақтың 8 мың гектары жиналып, 18,3 мың тонна өнім жиналды. Мемлекет субсидия мен жеңілдетілген несие түрінде қолдау көрсетіп келеді. Аудан диқандары осы мүмкіндікті пайдаланып, 47 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша 30 өтінімге 605,8 млн теңге жеңілдетілген несие берілді, – деді Бейбіт Исабаев.

Өңір басшысы суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында «Көксу ауданының суару желілерін қайта жаңарту жобасының» жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Жоба Ислам Даму Банкінің қаржысы есебінен іске асырылып, 2027 жылы толық аяқталмақ. Нәтижесінде 16 мың гектарға жуық аумақтың сумен қамтылуы жақсарады.

Кездесу барысында ветеринария саласындағы жұмыстар да талқыланды. Соңғы екі жылда аудандағы сегіз ауылда — Қаблиса, Алғабас, Еңбекші, Мұқаншы, Мұсабек, Жарлыөзек, Айнабұлақ және Балпық би елді мекендерінде блокты-модульдік ветеринариялық пункттер орнатылған. Сонымен қатар төрт автокөлік сатып алынған.

Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар да сөз болды. Облыс әкімі шағын және орта бизнесті дамыту — экономикалық тұрақтылықтың маңызды факторы екенін айтты. Көксу ауданында бүгінде 4,5 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, онда 6,5 мың адам еңбекпен қамтылған. Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдау аясында 1,9 млрд теңгеге 10 жоба қаржыландырылды.

Бейбіт Исабаев былтырғы кездесуде тұрғындар көтерген мәселелердің шешімі туралы да айтты. Мысалы, Балпық би ауылының тұрғыны Салтанат Әбдірахманованың көше жарығын орнату туралы өтініші орындалып, ауыл көшелеріне жарық шамдары қойылған.

Кездесу барысында тұрғындар өзекті мәселелерін де көтерді. З.Тамшыбай ауылында ескі су жүйесі жиі апатқа ұшырайтыны айтылды. Ауылды сумен қамту жүйесін жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалып, жоба келесі жылы жүзеге асырылмақ.

Мәмбет ауылында жеке тұрғын үйлер салынып жатқан шағын ауданға инженерлік желілер тартылған, енді абаттандыру жұмыстары жоспарға енгізілген. Бұл бағытта жол салу, көше жарығын орнату және инфрақұрылымды дамыту көзделіп отыр.

Сондай-ақ «Koksu S&M Company» сүт зауытының директоры кәсіпорынға кәріз жүйесін тарту үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында көмек сұрады. Қазір зауытта 60 адам жұмыс істейді, ал өндіріс көлемі жылына 1,5 млрд теңгеге жетеді. Бұған дейін мемлекеттік қолдау арқылы зауытқа газ тартылған. Кәріз мәселесін қарау тапсырылды.

Кездесу соңында облыс әкімі тұрғындар қойған сұрақтарға жауап беріп, жеке қабылдау өткізді. Азаматтар негізінен абаттандыру, жарықтандыру және ойын алаңдарын орнату мәселелерін көтерді. Балпық би ауылындағы тұрғындар көпқабатты үйлердің шатырын жөндеу мен балалар алаңын салуға көмек сұрады. Бұл мәселелер бақылауға алынды.

Сапар барысында Бейбіт Исабаев М. Сеңгірбаев атындағы орталық саябақтың абаттандыру жобасымен және күні кеше пайдалануға берілген дәрігерлер мен педагогтарға арналған 20 пәтерлі тұрғын үймен де танысты. Екі нысан да Балпық би ауылында орналасқан.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →