 
                    Жетісу облысының Көксу ауданындағы 34 елді мекеннің 26-сы өңірлік схемаға сай газдандыруға жатады, қазіргі таңда оның 25-іне көгілдір отын тартылған. Нәтижесінде 40 мыңнан астам тұрғынның газға қол жеткізуіне мүмкіндік жасалды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан халқымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Әкімнің айтуынша, Нәдірізбек ауылындағы газ тарту жұмыстары мен Балпық би ауылындағы газбен қамтылмай қалған көпқабатты тұрғын үйлерге құбыр жүргізу ісі аяқталуға жақын. Осылайша жыл соңына дейін 26 елді мекен толықтай газға қосылып, Көксу ауданы облыстағы 100% газдандырылған алғашқы аймақ болмақ.
– Ауданда негізгі инфрақұрылымдарды, соның ішінде газдандыру, ауыз су жүйесін жаңғырту және жол сапасын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді, – деді өңір басшысы.
Мәселен, тұрғындардың сұрауы бойынша Айнабұлақ ауылына кіреберіс көпір қайта жаңғыртылып жатыр. Құрылыс биыл аяқталады. Сондай-ақ Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылынан Көксу ауданының Мұқыры ауылына дейінгі 56 шақырымдық облыстық жол толық жөндеуден өтті.
Бұдан бөлек, Алғабас ауылына кіреберіс 3,2 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қараша айында пайдалануға берілмек. Ал Көксу бекеті, Алғабас, Қаратал, Кеңарал, Бесқайнар, Жетіжал, Нәдірізбек, Балпық би, Заречный және Айнабұлақ ауылдарының 22 көшесін жөндеуге қаржы бөлінген.
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, соңғы үш жылда ауданда облыстық маңызы бар 37,3 шақырым жол мен елді мекендердің 78 көшесіне жөндеу жүргізіліп, 19 ауылға көше жарығы орнатылған.
– Биыл Көксу бекетінде сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту мен салу жұмыстарын аяқтаймыз. З.Тамшыбай ауылында тозығы жеткен су құбырларын жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр. Бұл шаралардың барлығы – аудан халқының тұрмыс сапасын арттырып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған, – деді облыс әкімі.