 
                    «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Жетісу облысының Көксу ауданында бірқатар экологиялық және абаттандыру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Биыл Ақтекше ауылында жаңа саябақ салынса, Жамбыл ауылында да демалыс орнының құрылысы басталды. Ал аудан орталығы Балпық би ауылындағы М.Сеңгірбаев атындағы орталық саябақты жаңарту жұмыстары алдағы жылы басталады, деп хабарлайды Qaz365.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысы Бейбіт Исабаев Көксу ауданына жұмыс сапары барысында аталған орталық саябақта болып, оның абаттандыру жобасымен танысты. Жалпы аумағы 6 гектарды қамтитын саябақта тарихи оқиғалар мен тұлғаларға арналған ескерткіштер, футбол алаңы, жаяу жүргіншілер жолдары және жарықтандыру жүйесі бар. Алайда саябақ 1954 жылы салынған, соңғы рет 2017 жылы жөндеуден өткен, сондықтан оны қайта жаңарту қажеттігі туындаған.
Әкім мердігер ұйыммен кездесіп, жобаның негізгі бағыттарын талқылады. Оның айтуынша, ең алдымен саябақтағы Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы ардагерлеріне, сондай-ақ белгілі тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштерді жаңарту қажет. Сонымен қатар брусчаткалар мен бордюрлер жаңартылып, жаңа қоршаулар мен кіреберіс арка орнатылады.
Саябақ аумағында балалар және спорт алаңдары, ашық аспан астындағы кинотеатр, фудкорт аймағы, теннис корты, скейтпарк, құмдағы волейбол алаңы және үстел ойындарына арналған кеңістік салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ субұрқақ пен түрлі шағын сәулеттік нысандар орнатылады.
– Президентіміз айтқандай, қолайлы әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру – халықтың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді. Сондықтан барлық аудан мен қалада орталық саябақтарды кезең-кезеңімен жаңғырту жобалары әзірленіп жатыр. Бұл бағытта «Таза Қазақстан» бағдарламасы үлкен көмек болып отыр. Келесі жылы Көксу ауданындағы орталық саябақ та қайта жаңартылып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған заманауи демалыс орнына айналады, – деді Бейбіт Исабаев.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауданда 7 балалар және спорт алаңы салынды. Олар Бесқайнар, Айнабұлақ, Балпық би, Ақтекше, Көкбастау және ПЧ-45 елді мекендерінде орналасқан.
Бұдан бөлек, жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, Балпық би, Теректі, Ақшатоған, Мұқыры, Мұқаншы және Жетіжал ауылдарының 35 көшесіне 819 жарық тірегі орнатылды. Ал Айнабұлақ ауылында қосымша 131 жарық бағаны қараша айының соңына дейін орнатылады.
Сондай-ақ Балпық би ауылындағы 11 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры жөнделді.
Жүзеге асқан бұл жобалар аудандағы экологиялық ахуалды жақсартып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.