×

Алматыда түрмеден шыққандарды қоғамға бейімдеу мәселесі талқыланды

Алматыда түрмеден шыққандарды қоғамға бейімдеу мәселесі талқыланды

Алматы қаласында Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Social Project Management» орталығы ұйымдастырған «Бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеудегі өзекті мәселелер» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы халыққа Жолдауында айтылған «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге Алматы қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, Еңбек мобилділігі орталығының өкілдері, жұмыс берушілер, заңгерлер, психологтар мен жастар қатысты.

Жоба жетекшісі Бейбіт Молдахметұлы үш жылға созылған жұмыс нәтижелерін таныстырып, осы уақыт ішінде 40-тан астам адамға құқықтық көмек көрсетілгенін, түрмелерде өткен психологиялық тренингтерге 120-дан астам адам қатысқанын айтты.

Психолог Гүлбанум Мурадуллаева сотталғандармен жүргізілген жұмыстардың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, түрмеден шыққан адамдардың көпшілігі қайта қылмысқа бару қаупін сезінеді.

«Олардың ішкі тірегі жастайынан қалыптаспаған. Мен сол ішкі тіректі табуға көмектесуге тырыстым», – деді ол.

ҚАЖ департаментінің пробация қызметі бастығы, әділет майоры Мирлан Ақсақалов жобаның тиімділігін жоғары бағалап, оның жалғасуына үміт білдірді.

«Қоғамда тәртіп болуы үшін алдымен заң үстемдік етуі тиіс. Ал тәртіпті қамтамасыз ету құзырлы органдардың тиімді жұмысына байланысты», – деді ол.

Құқықтанушы Қалбуби Жанботаева сотталғандарға құқықтық қолдау көрсету ұзақ әрі күрделі процесс екенін айтты. Ол сот шешімдеріндегі ашықтықтың жеткіліксіз екенін және пробация қызметкерлерінің еңбекақысы төмен екенін атап өтті.

Жобаға жұмыс берушілер де тартылды. «Казмонтаж» ЖШС-нің бас инженері Ұлан Мекебаев абақтыдан шыққан бірнеше азаматты жұмысқа шақырғанын айтты.

«Айлық 300 мың теңгеден басталады. Бірақ кейбіреулер бұл жұмысты азсынды», – деді ол.

Құқықтанушы Бақыт Ақышев жобаның әлеуметтік маңыздылығын атап өтті.

«Түрмеден шыққандар түгілі, жоғары оқу орнын бітірген жастардың өзі жұмыс табуда қиналып жүр. Мұндай жобалар қоғам үшін өте қажет», – деді ол.

Іс-шара соңында қатысушылар әлеуметтік бейімдеу шараларын күшейту және пробация жүйесін қолдау бағытында ұсыныстар білдірді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →