Конкурс комиссиясының мүшелері «Балқаш» атауын бірауыздан қолдады
Атом энергиясы жөніндегі агенттік елдің алғашқы атом электр станциясына атау беру жөніндегі жалпыұлттық конкурстың қорытындысын жариялады. Барлық ұсыныстарды қарау нәтижесінде «Балқаш атом электр станциясы» атауы бекітілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл нұсқа қатысушылар арасында ең көп ұсынылған әрі байқау талаптарына толық сәйкес келген атау болды. Конкурс комиссиясының мүшелері «Балқаш» атауын бірауыздан қолдады.
Сонымен қатар Агенттік байқауға түскен барлық нұсқаларды біріктіріп, келешекте атом саласындағы өзге нысандардың атауын таңдауда қолданылатын бірыңғай база құрды.
Базаға «Болашақ, Жарық, Қуат, Үлкен, Мойынқұм, Ұлы дала, Тұран, Алаш, Тұмар, Жетісу» секілді нұсқалармен қатар, тарихи тұлғалардың есімдері (Сәтбаев, Абай, Кенесары, Шафик Чокин және басқа) де енгізілді.
«Балқаш» атауын ұсынған 882 қатысушы бір ай ішінде eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы электронды автор сертификаттарын алады», – деп хабарлады Агенттік.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік қазақстандықтарға елдің алғашқы АЭС атауын таңдауға белсенді қатысқаны және қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.