Маңғыстау облысында қоғамдық қауіпсіздік, медицина және білім беру салаларын қамтитын цифрлық инфрақұрылымды дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында айтылған цифрландыру саясатын ілгерілетуге бағытталған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, 2023 жылдың шілдесінен бері Ақтау қаласы мен Маңғыстау ауданында «Сергек» жүйесі жұмыс істейді. Бұл жасанды интеллектке негізделген жоба қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Бүгінде жүйеде 148 фото-бейне тіркеу кешені және 402 камера бар. Олар жол ережелерін бұзу фактілерін автоматты түрде анықтап, деректерді құқық қорғау органдарына жібереді.
Қазір облыс аумағында 58 мыңнан астам камера орнатылған. Оның ішінде 25 мыңы Ақтау қаласында. Камералардың 18 мыңы Оперативтік басқару орталығына біріктірілді. Sergek VMS, Macroscop, Target AI сияқты заманауи аналитикалық жүйелер енгізіліп, полицияның әрекет ету жылдамдығы артты. 2025 жылға дейін 600 камераға бет-әлпетті тану және төтенше жағдайларды анықтау алгоритмдері орнатылады.
Сондай-ақ, тұрғындардың өтініштерін қабылдайтын 109 бірыңғай байланыс орталығы белсенді жұмыс істеуде. 2025 жылдың басынан бері орталыққа 38 мыңнан астам өтініш түскен, олардың 80%-ы бір қоңырауда шешілген. Жасанды интеллект талдауы нәтижесінде ең өзекті 15 мәселе – жарық, су тапшылығы, жол, транспорт және абаттандыру салалары бойынша анықталған.
Медицинада да жасанды интеллект қолданылып келеді. Облыстық ауруханаларда Cerebra AI жүйесі орнатылған. Бұл қазақстандық стартап ми томографиясын талдап, инсульт белгілерін автоматты түрде анықтайды, осылайша дәрігерлердің шешім қабылдау уақытын қысқартады.
Білім беру саласында да жаңашылдық енгізілуде. Мектептерде жасанды интеллектті үйретудің төрт кезеңнен тұратын кешенді жоспары іске асып жатыр. Оған хакатондар, олимпиадалар, көрмелер мен жобалық апталықтар кіреді.
Сонымен қатар, Mangystau IT Hub орталығында 2024 жылы 80-ге жуық іс-шара, ал 2025 жылы 50-ден астам жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында «Кибер Тұмар» жобасы, Mangystau Cybercup киберспорт турнирі және 3D-баспа кабинеті бар.
Мамандардың айтуынша, Каспий теңізі арқылы Ақтау – Сумгаит бағыты бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісін (ВОЛС) жүргізу жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба Қазақстанның цифрлық тәуелсіздігін нығайтып, интернет тұрақтылығын арттырады.
Бұдан бөлек, облыста дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы енгізіліп жатыр. Олар экологиялық жағдайды бақылау, құрылыс нысандарын қадағалау және ауыл шаруашылығын дамыту үшін пайдаланылады.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы да өңірде белсенді жалғасуда. Биылдың өзінде 130 мыңнан астам адам қатысып, 35 мың тонна қоқыс шығарылды, 30 мыңнан аса ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, тұрғындар үшін экологиялық өтінімдерді қабылдайтын TazaQasBot чат-боты іске қосылды.
Маңғыстау облысы осылайша жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды жүйелі түрде енгізіп, өңірдің өмір сапасын арттыруға және қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа цифрлық дәуірге қадам басып отыр.