×

Beeline мен Tele2 тарифтерді қымбаттатынын хабарлады

Қымбаттау қолданыстағы және архивтік тарифтерге де әсер етеді

Beeline мен Tele2 тарифтерді қымбаттатынын хабарлады
ИЗВЕСТИЯ/Алексей Майшев

Қазақстандағы ірі байланыс операторлары Beeline мен Tele2 2025 жылдың соңына қарай тариф бағасын көтеретінін мәлімдеді. Алғашқы кезең 2025 жылы 25 желтоқсанда, ал екіншісі 2026 жылғы 15 қаңтарда күшіне енеді. Қымбаттау қолданыстағы және архивтік тарифтерге де әсер етеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Компаниялар мұны инфрақұрылымды жаңарту, жаңа технологияларды енгізу және 4G мен 5G желілерін ұстау шығындарының өсуімен түсіндіріп отыр. Бұған дейін Altel де осындай шешім қабылдап, кейбір танымал тарифтерінің бағасын екі есе дерлік өсірген болатын.

Beeline бірнеше тарифтік жоспар бойынша баға мен шарттарды қайта қарамақ. Кейбір тарифтерге қосымша ресурстар енгізіліп, атауы жаңартылады. Мәселен, «Үйдегі интернет» тарифі үшін айлық төлем 1 қаңтардан бастап 8 490 теңгеден 11 249 теңге дейін өседі.

Tele2 нақты тізімді жарияламады, бірақ абоненттерге жіберілген хабарламаларға сәйкес, орташа өсім шамамен 1000 теңге болмақ, яғни, 5 490 теңгеден 6 490 теңгеге дейін. Компания бағаның өсуі қызмет сапасының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беретінін айтады. Сондай-ақ тұтынушыларға қосымша ресурстар мен QINO қызметі ұсынылады: Megogo, PlanB, Tvigle және 80 телеарнаға 2026 жылғы 31 қаңтарға дейін тегін қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған.

Бағаның өсуі бірнеше факторға байланысты:

  • операторлардың операциялық шығындарының көбеюі;

  • телекоммуникация инфрақұрылымын жаңарту қажеттілігі;

  • салықтық өзгерістер мен ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі;

  • мобильді интернетті тұтынудың артуы.

2025 жылдың басында салалық ведомство байланыс тарифтерін тікелей реттеу тетігі жоқ екенін хабарлаған болатын. Сол кезде операторлар арасында баға келісімі болуы мүмкін деген пікір талқыланған, алайда қолданыстағы заңнама мемлекеттік органдардың араласуына шектеу қояды.

Бұған дейін Beeline-ның бас директоры Евгений Настрадин 2026 жылы тарифтердің 15–20%-ға дейін көтерілуі мүмкін екенін айтқан. Ұқсас түзетуді Tele2 және Altel де қарастырып отыр.

Операторлар баға өсімін пайданы арттыру емес, желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және инфрақұрылымға инвестиция тарту қажеттілігімен түсіндіреді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →