Google мен Apple өз пайдаланушыларына хакерлік шабуыл болуы мүмкін екенін ескертті
Қазақстанда смартфондарға жасырын еніп, иесінің әрекетін бақылауға мүмкіндік беретін зиянды бағдарламалар көбейгені байқалып отыр. Халықаралық мамандар дабыл қағып, қауіптің артқанын айтады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, өткен аптада Google мен Apple өз пайдаланушыларына хакерлік шабуыл болуы мүмкін екенін ескерткен. Google жолдаған ресми хабарламада Қазақстан қауіп деңгейі жоғары елдер қатарында аталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бірнеше мемлекетте Intellexa деген компанияға қатысы бар тыңшылық бағдарламалар қолданылғаны анықталған. Бұл компания бұрын құқық қорғау органдары адамды жасырын бақылауға пайдаланған құралдар әзірлегені үшін санкцияға іліккен. Солардың бірі – Predator. Бұл жүйе смартфонға білінбей еніп, иесінің деректерін, хат-хабарын, тіпті микрофонын басқара алады.
Тергеу материалдары мұндай бағдарламалар журналистерді, құқық қорғаушыларды және адвокаттарды аңду үшін пайдаланылғанын көрсеткен. Жапа шеккендер арасында жүздеген адам бар. Орталық Азияда Қазақстаннан бөлек Өзбекстан мен Тәжікстан тұрғындары да осал топқа кіріп отыр.
Мамандардың айтуынша, зиянды бағдарлама көбіне жалған сілтемелер, күмәнді файлдар немесе телефонның қорғанысы әлсіз тұстары арқылы жұғады. Сондықтан сарапшылар смартфондарды дер кезінде жаңартып отыруды, бөтен сілтемелерге өтпеуді және жеке мәлімет сұрайтын хабарламаларға сақ болуды ескертеді.