Сондай-ақ 276 әлеуметтік нысан жаңартылды
Жетісу облысында соңғы үш жылда 1 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе 13 498 отбасы жаңа қонысқа ие болды, оның 2 362-сі халықтың әлеуметтік осал топтарына, 388-і апатты тұрғын үйде тұратындарға берілді. Сонымен қатар аталған кезеңде жаңадан салынатын немесе жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандарды жаңартудың деңгейі орта есеппен 55,8%-ды құрап, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы 276 нысан жаңартылды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, білім беру саласында 19 жаңа нысан салынып, 22-сі күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде бейімделген мектептер саны 69-дан 38-ге дейін қысқарды. Бұл ретте облыста апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектеп жоқ.
Ал денсаулық сақтау саласында 149 жаңа нысан қолданысқа беріліп, 13 нысанға күрделі жөндеу жасалды. Сондай-ақ облыс құрылғаннан бері 39 спорттық және 34 мәдениет нысандары жаңартылып, пайдалануға берілді.
- Бұдан бөлек, инвесторлар есебінен Талдықорған қаласында жабық мұз аренасы, спортшыларға арналған төрт қабатты тұрғын үй және екі үстел теннисі орталығы салынды, - деді Бейбіт Исабаев брифинг кезінде.