Моңғолия үкіметі Баян-Өлгий аймағындағы 319 тау мен өзен-көлге қатысты атауларды қайта қарау жөнінде мәселені талқылап жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл жайлы моңғолияның БАҚ өкілдері жазды.
Үкімет отырысында қазақша жер-су атауларын моңғол тіліндегі тарихи атымен қайта атау туралы шешім шығып, тиісті қаулы жобасы парламентке жолданбақ.
Мәселе үкіметтің кезекті отырысында қаралған. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ, соңғы шешімді парламент қабылдайды. Яғни, бастама әзірге заңнамалық рәсім сатысында тұр.
Бұл қадам Моңғолия билігінің тарихи атауларды «қалпына келтіру» саясаты аясында қабылданып отыр. Ресми ақпаратта бұл өзгерістердің әкімшілік және тарихи негіздері айтылғанымен, Баян-Өлгийдің этникалық ерекшелігі бар. Бұл аймақта қазақ халқының саны көп.
Баян-Өлгий — Моңғолия құрамындағы халқының көп сандысы қазақтардан тұратын аймақ. Ондағы жер-су атаулары тек географиялық белгі емес, жергілікті жұрттың тарихи жадын, тілін және мәдени болмысын бейнелейді. Дегенмен жер-су атауларын қалай атау сол елдің ішкі ісі екені де анық.
Қазіргі таңда қаулы жобасының нақты мазмұны, қандай атаулар өзгеретіні және оның қалай жүзеге асатыны жарияланған жоқ.
Мәселенің әрі қарай қалай өрбитіні парламент қарауынан кейін белгілі болады.
Бұл жайлы Ақмола облысындағы «Байтақ» партиясының төрағасы Асылбек Баяжұма пікірін айтты:
«Бүгін Монғолия Үкіметінің отырысында Баян-Өлгий аймағындағы 319 тау мен су нысанының қазақша атауларын моңғолша тарихи атауларымен қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылданып, осыған байланысты қаулы жобасын Парламентке ұсыну жөнінде шешім жасалды.
Өкінішті, әрине. Бір ғасыр бойы иық тіресіп, еңбек еткен екі халықтың жер, су атауларын жаңалап, монғолшалаймыз дегені ортаға алауыздық тудырмаса екен деген ой келеді.
Сол жерді мекендеп келе жатқан 120 мың қазақтың пікірін сұрамады да!
Жер монғолдікі, ел монғолдікі. Амал жоқ.
Ал біз өз елімізде екі көшені өзгертеміз деп «пікір сұрап», естімеген сөзіміз жоқ», — деді Асылбек Баяжұма.
Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде қазақша жауап беруден бас тартқан Gusto мейрамханасының қызметкері жұмыстан кетті.