Алматы қаласында 2026 жылы қосымша 350 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылады. Бұл туралы қалалық мәслихаттың отырысында Алматы қаласы цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейрам Дүйсеков мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, «Сергек» жобасы аясындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісімнің мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады. Осыған байланысты басқарма жобаның қазіргі жеткізушісі – Көркем Телеком ЖШС-мен келісімшартты 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін бір рет ұзартуды ұсынып отыр.
Ұсынысқа сәйкес, келісімшартты ұзарту кезінде қосымша 350 «Сергек» кешені жеке әріптестің қаражаты есебінен орнатылады. Сонымен қатар қызмет көрсету тарифі 2021 жылғы деңгейде сақталып, қымбаттамайды.
Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Қазіргі таңда Алматы қаласында 1 641 «Сергек» кешені жұмыс істеп тұр. Олар 9 152 бейнекамераны қамтиды. Аталған камералар жол қозғалысы ережелерінің түрлі бұзушылықтарын, соның ішінде қиылыстардағы дұрыс емес қайта қатарға тұруды, стоп-сызықтан өту, қоғамдық көлік жолағымен жүру, жылдамдықты арттыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, рұқсат етілмеген жерге тоқтау, тұтас сызықты кесіп өту, жаяу жүргіншіні өткізбеу, сондай-ақ жүргізуші мен алдыңғы орындықтағы жолаушының қауіпсіздік белдігін тақпау фактілерін тіркейді.