Жамбыл облысы Отар кентіндегі №30212 әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз саусағын шауып тастамақ болып, өз-өзіне ауыр жарақат салды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Журналист Козачков Telegram‑арнасында бір сарбаздың өз саусақтарын балтамен шапқаны жайлы жазған болатын. Козачковтың сөзінше, тексеріс жасап жүрген командирінен ескерту алғаннан кейін осы әрекетке барған. Ал балтаны өртке қарсы жабдықтардың арасынан алған. Кейбір деректерде сарбаз терең жарақат алғанымен, саусақтары толық кесілмей аман қалған.
Құрлық әскерлері ҚК баспасөз қызметі бұл жайтты растады. Оқиға 2026 жылдың 6 қаңтарында Гвардиялық гарнизонға қарасты әскери бөлімдердің бірінде болған.
«Таңғы тексеріс кезінде сарбаз сол қолының саусақтарына металл затпен жарақат салған. Жараланған сарбаз дереу әскери емханаға жеткізілді және оған қажетті медициналық көмек көрсетілді», — деп жазылған хабарламада.
Әскери деректерге сүйенсек, сарбаздың жағдайы тұрақты, өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Қазір ол медициналық мамандардың тұрақты бақылауында.
Сонымен қатар, жарақат алған сарбаздың өз сөзіне қарағанда, әрекет жеке себептерге байланысты жасалған және әскери қызметпен, командирлердің іс-әрекетімен немесе бөлімнің қызметкерлерімен байланысы жоқ.
«Сарбаздың жарақат алу фактісі тікелей командирдің ескертуінен кейін болған деген ақпарат шындыққа жанаспайды», — деп атап өтті баспасөз қызметі.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру әрекеттерін Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Оңтүстік өңірлік әскери-соттық басқармасының Гвардиялық бөлімшесі жүргізіп жатыр. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын толық және объективті анықтау мақсатында ұйымдастырылған. Сонымен қатар, Құрлық әскерлері бастығының тапсырмасымен арнайы комиссия жіберілді. Комиссияны тәрбие және идеологиялық жұмыс бойынша бастығының орынбасары басқарып отыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкентте әскери борышын өтеуге барған сарбаз қайтыс болды.