Мемлекеттік органдардың немқұрайлығынан тұрғын үй кезегіндегі деректер жоғалды
Абай облысында әкімшілік-аумақтық өзгерістер кезінде мемлекеттік органдардың салғырттығынан кәмелетке толмаған К.-ның деректері тұрғын үй кезегінен жоғалып кеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сот мәлімдемесіне қарасақ, жетім бала ретінде К. тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде тұрған. Алайда жаңа облыс құрылған соң тізімдер қайта жасалып, оның мәліметтері есептен тыс қалған. Бұл жағдай баланың баспана алу мүмкіндігін біраз жылдарға кейінге шегерген.
Сот барысында Абай облысы Жаңасемей ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен Семей қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары өз міндеттеріне немқұрайлы қарағаны анықталды.
«Нәтижесінде жетім баланың заңмен кепілдендірілген құқығы бұзылған. Сот талап арызды қанағаттандырып, лауазымды тұлғалардың әрекеттерін заңсыз деп таныды. Сондай-ақ «Отбасы Банкке» жоғалған деректерді қалпына келтіру міндеттелді. Уәкілетті органдар тарапынан жіберілген қателіктің салдарынан бұзылған жетім баланың құқықтары сот арқылы толық көлемде қалпына келтірілді», — деп мәлімдеді сот.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бір айда К. «Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қайта қойылды. Баланың құқығын аяқасты еткен жауапты тұлғаларға қатысты қандай да бір жаза қолданылғаны туралы ақпарат жоқ.