Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне қол қойды. Сонымен бірге сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласына қатысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң да бекітілді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Жаңа Құрылыс кодексі құрылыс сапасын жақсартуға, ретсіз құрылысқа тосқауыл қоюға және сейсмикалық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған маңызды жаңашылдықтарды қамтиды.
Құжатқа сәйкес, қалалар мен елді мекендердің бас жоспарлары мен аумақтарды егжей-тегжейлі жоспарлау құжаттарын екі жылда бір реттен жиі өзгертуге жол берілмейді. Ғимараттарды жобалау барысында сейсмикалық аймақтау карталарын қолдану міндетті болып, барлық нысан сейсмикалық тәуекел деңгейі көрсетілген арнайы паспортқа ие болады.
Сондай-ақ ел аумағында бірыңғай құрылыс порталы іске қосылады. Саладағы ашықтықты арттыру үшін адал емес құрылыс салушылардың тізілімі мен аяқталмаған нысандардың бірыңғай реестрі енгізіледі.
Жаңа талаптарға сай, тұрғын үйлерге берілетін кепілдік мерзімі екі жылдан бес жылға дейін ұзартылды. Күрделі нысандарды салу кезінде «бір мердігер – бір жоба» қағидаты қолданылып, құрылыс жұмыстары «кілтін тапсыру» форматында жүзеге асырылады. Сонымен қатар нысандарды пайдалануға беру кезінде өрт қауіпсіздігіне бақылау күшейтіледі.
Құрылыс саласы мамандарын міндетті түрде сертификаттау және барлық үдерісті бірыңғай цифрлық реестр арқылы қадағалау қарастырылған. Бұдан бөлек, қала құрылысы жобаларын талқылауға қоғамның қатысуы кеңейтіліп, бұл бағыттағы бақылау әкімдіктер арқылы орталықтандырылып жүргізіледі.