Әуежай терминалының бір мезетте 150 жолаушыны қабылдауға мүмкіндігі бар
Қазіргі уақытта Зайсан ауданындағы жаңа әуежайдың құрылысы 65% аяқталған. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сай атқарылуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бас мердігер «ЭЛХОН» ЖШС бас директорының орынбасары Әсет Сұлтановтың айтуынша, құрылыс барысында айтарлықтай қиындықтар туындамаған. Әуежайды жобалау және салу жұмыстарын «Қазаэронавигация» РМК жүзеге асыруда. Ұзындығы 2200 метр болатын ұшу-қону жолағы, сондай-ақ жалпы аумағы 4000 м² әуежай терминалының құрылысы мерзімге сай жүргізілуде. Сонымен қатар, рулеж жолдарын, төрт әуе кемесіне арналған перронды, басқару-диспетчерлік пунктін, авариялық-құтқару қызметін, метеостанцияны және радионавигациялық жабдықтарды салу көзделген.
«Жалақы бойынша берешек жоқ. 200-ге тарта жұмысшы тұрақты еңбек етуде. Кейбір бағыттар бойынша алда келеміз. Қазіргі уақытта нысанның 65 пайызы аяқталды, – деді Әсет Сұлтанов.
Зайсан ауданы үшін жобаны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі өте жоғары және ауданға туристерді тартуға үлкен мүмкіндік ашылмақ.
Әуежай іске қосылғаннан кейін Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласына, Алтай аймағына және Қанас көліне халықаралық әуе рейстерін ашу жоспарлануда.
Сондай-ақ Астана, Алматы және Өскемен қалаларына ішкі бағыттар бойынша тұрақты әуе қатынасы жүзеге асырылады. Әуежай Bombardier Q400, ATR-72 және осыған ұқсас өңірлік санаттағы әуе кемелерін қабылдай алады.
Бұл жоба – өңірдің курорттық аймақтарында үш жаңа әуежай салуды көздейтін ауқымды бастаманың бір бөлігі. Оның аясында Катонқарағай және Маңғыстау облысындағы Кендірлікте нысандар бой көтеруде.
Шекара шебіндегі тарихи да мәні зор құрылыстың сапасын облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров аралап, танысты. Аймақ басшысы мердігер компания өкілінен нысанды мерзімінде, барлық сапа талаптарын қатаң сақтай отырып аяқтауды тапсырды.
– Қазіргі уақытта әуежайдың ұшу-қону жолағы толығымен аяқталды. Жұмысшылар жеткілікті. Жалақы уақытында төленуде. Бұйырса алдағы маусым айында орта қашықтыққа ұшатын әуе кемелерін қабылдайтын болады. Әуежай терминалының бір мезетте 150 жолаушыны қабылдауға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, көрші мемлекеттермен әуе рейстері ұйымдастырылып, аймаққа шетелдік туристерді тартуға жол ашылады, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Халықаралық маршруттар қарастырылған әуежай жұмысын бастағанда шекарадағы Зайсан ауданы аз уақытта мүлдем жаңа кейіпке енетініне сенім зор.