Жамбыл облысында 2025 жылдың қорытындысына арналған алқа мәжілісі өтті. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алқа отырысында мәдениет, ақпарат және қоғамдық даму, дене шынықтыру және спорт, білім беру, сондай-ақ дін істері салалары бойынша басқарма басшыларының жылдық есептері тыңдалды. Мәжілісте өңірде аталған бағыттар аясында жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижелері жан-жақты талқыланды.
Білім саласында оқыту сапасын арттыру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін кеңейту, педагогтердің кәсіби біліктілігін көтеру, сондай-ақ оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мәдениет саласы бойынша тарихи-мәдени мұраны сақтау, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, шығармашылық ұжымдарды қолдау және тұрғындар үшін мәдени қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Ақпарат және қоғамдық даму саласында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру, қоғаммен кері байланысты нығайту, жастар саясатын дамыту, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейту және волонтерлік қозғалысты қолдау мәселелері қаралды.
Сонымен қатар дене шынықтыру және спорт саласында бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды кеңейту, балалар мен жастарды спортқа тарту, жоғары жетістіктер спортын қолдау бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланды.
Дін істері саласында конфессияаралық келісімді сақтау, діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, радикалды идеологиялардың алдын алу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру шаралары талқыланды.
Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша басқарма басшыларының есептері тыңдалып, өзекті мәселелерге қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ 2026 жылға арналған негізгі міндеттер айқындалып, салалар бойынша жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған тиісті тапсырмалар берілді.