Желілердегі музыка кеңістігін жаулаған ән
Ән айтып, үлкен сахнадағы жолын енді бастаған Баянсұлу аз уақытта танылды. Оның 4 ай бұрын жүктелген «Ауа рай» әні ютуб хостингінде 42 миллион қаралым жинады, ал музыкалық чарттарда көш бастады. Осы жайлы әнші BAYANSULU (Баянсұлу Сағындықова) пікірін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгінде Баянсұлу Сағындықованың әніне Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен атақты Inter футбол клубы видео жариялап жүр. Ол журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында қарбалас клип түсіріп жүріп, Inter футбол клубының оның әнін қосып видео салғанына мән бермегенін айтты. Кейін видеоны көріп әншінің көзіне жас келген екен.
«Ұзақ жүріп дайындаған жұмыстың жемісін көру өте күшті сезім. Ең бірінші Inter салды жазбаны. Мен шынымды айтсам, Inter деген топты білмеймін. Футболға қатты қызықпаймын. Олар әлем бойынша ТОП-10 тізімдікке кіретін клуб екен. Біз ол кезде клип түсіріп жаттық. «Сондайым бар енді» деген ән. Ол да хит болды. Клип түсіру барысында балалар келіп көрсетті. Мен онда мән бермедім. Сол күні клиппен қарбалас жүріп қол тимеді. Азанда тұрған кезде қайта көрдім. Сол кезде барып түсіндім. Көзіме жас келді», — деді Баянсұлу.
Айта кетейік, 2025 жылғы 25 тамызда жарық көрген BAYANSULU-дың «Aua rai» атты жаңа синглы интернетте өте көп жарияланып, хит әнге айналды.