Қазақстан Үкіметі 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар жобасын бекітті. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Құжатта саланы қаржылай қолдау, мал басын көбейту, ет өндірісі мен экспорт көлемін арттыруға бағытталған бірқатар шара қарастырылған. Жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай ірі қара мал саны 7,9 млн-нан 12 млн басқа дейін, ұсақ мал 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін өсірілуі тиіс. Ет өндірісін 1,2 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға жеткізу, ал ет экспортын 82 мың тоннадан 165 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін кешенді қаржылық қолдау тетіктері іске қосылатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, барлық ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымды малын сатып алуға жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Бұл бағытқа жыл сайын шамамен 300 млрд теңге қажет.
Сондай-ақ 6 пайыздық бірыңғай жеңілдетілген несие есебінен шалғай жайылымдық мал шаруашылығы мен жайылым инфрақұрылымын дамытуға 50 млрд теңге бөлінеді. Мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға 5 пайызбен 50 млрд теңге, ал айналым қаражатын толықтыру үшін 225 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген кредит беру көзделген. Қаржыға қолжетімділікті кеңейту мақсатында қарыздарды Даму қоры арқылы кепілдендіру қарастырылған.
Құжатта кадр мәселесіне де назар аударылған. Атап айтқанда, қойшылар мен малшыларға 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлемдер тағайындау мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұған ұқсас қолдау тетігі 2023 жылы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін шахтёрлерге енгізілген еді. Қойшы-малшыларға арналған әлеуметтік қолдаудың нақты тетігі кейінірек айқындалады.
Сонымен қатар экспортты кеңейту үшін ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту міндеті қойылған. Бұл ветеринариялық нысандарды жаңғырту, сауда алаңдарында күнделікті бақылау енгізу және мал иелерінің жауапкершілігін арттыруды қамтиды.
Премьер-министр Олжас Бектенов жоспарды іске асыру ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ ол қайта өңдеу саласын дамыту мен қосылған құны жоғары өнім шығару көлемін арттыруды тапсырды.
Бұдан бөлек, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мәселесі де көтерілді. Министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, үш астықты өңірде 330 шаруашылық қатаң бақылауда тұр. Заңбұзушылық анықталған жағдайда жер учаскелері мемлекет қорына қайтарылып, қайта бөлінетін болады.