×

Мәжіліс депутаты 14 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге кіруді шектеуді ұсынды

Мәжіліс депутаты 14 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге кіруді шектеуді ұсынды
Getty Images

Ұлттық құрылтай отырысында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев қазақстандық жастардың интернетте көп уақыт өткізуі клиптік ойлаудың қалыптасуына әкеліп, үстірт көзқарас, орынсыз сыншылдық пен бәрін жоққа шығару үрдісін күшейтіп отырғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутаттың сөзінше, зумерлер мен альфа буыны арасында тірі қарым-қатынас аясы тарылып, ақпаратты тексермей, жедел реакция білдіру әдетке айналуда. Бұл жастардың шынайы өмірден алшақтауына ықпал етеді.

Сергей Пономарев әлеуметтік желілердің бүгінде тек байланыс құралы емес, саяси ықпал тетігіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бірқатар елде наразылық акциялары мен саяси өзгерістер онлайн платформалар арқылы ұйымдастырылып, үйлестірілген.

Осыған байланысты депутат Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі тарапынан жүйелі талдау жүргізіп, нақты шаралар әзірлеуді ұсынды. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдерді қорғау, платформалардың жауапкершілігін арттыру және деструктивті ақпараттық ықпалға қарсы тетіктерді күшейту қажет екенін айтты.

Сонымен қатар ол халықаралық тәжірибеге назар аударып, кей елдерде 14 жасқа дейін, тіпті 16 жасқа дейін әлеуметтік желілерге қолжетімділікті шектеу қолданылатынын еске салды.

«Мұнда мақсат – тыйым салу емес, ойлау қабілетін, талдау мәдениетін және тірі диалогты қорғау», – деді депутат.

Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн платформалардың Қазақстанда өкілдік ашуын міндеттейтін, заңсыз контентті жоюды талап ететін және 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларға аккаунт ашуға шектеу қоятын заңнамалық түзетулер әзірлеген болатын.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →