Атырау мұнай өңдеу зауытында қала аумағында және оған жақын елді мекендерде күкіртсутек мөлшерінің нормадан ондаған есе асуы анықталғаннан кейін жоспардан тыс тексеріс басталды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ведомствоның мәліметінше, 25 қаңтар күні Атырау облыстық экология департаментіне зауыт маңындағы Алғабас пен Сая елді мекендерінің тұрғындарынан күкірт иісіне қатысты шағымдар түскен. Осыған байланысты ауа сапасына өлшеу жүргізіліп, мониторингке «Қазгидромет» филиалы да тартылған.
Тексеру барысында Атырау қаласының бірқатар аумақтарында күкіртсутек пен көміртек тотығының шекті рұқсат етілген деңгейден асқаны тіркелген. Ең жоғары көрсеткіштер Тасқала ауылында – нормадан 17,5 есе, Химпоселок ықшамауданында – 36 есе, ал Тасқалаға іргелес аумақта 15 есе артық болған.
Экология комитеті аталған аумақтардың барлығы Атырау мұнай өңдеу зауытына жақын орналасқанын атап өтті. Сонымен қатар сынама алу кезінде солтүстік-шығыс бағыттағы жел мен жоғары ылғалдылықтың иістің тұрғын аймақтарға таралуына ықпал етуі мүмкін екені айтылды.
Ал зауыт өкілдері жағымсыз иістің шығуын өз қызметімен байланыстырмайды. Кәсіпорынның зертханасы санитарлық-қорғау аймағында тексеру жүргізіп, ластаушы заттардың шекті мөлшерден асуы анықталмағанын мәлімдеді. Дегенмен уәкілетті орган жоспардан тыс тексерісті жалғастырып жатыр, оның қорытындысы кейінірек жарияланады.