Қысқы кезеңде ауа райының қолайсыздығы салдарынан жол-көлік оқиғаларының артуына байланысты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалыс қауіпсіздігін күшейту жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Осыған сәйкес, 2026 жылғы 9 ақпан сағат 00:00-ден бастап «Астана – Павлодар» автожолында көлік құралдары үшін белгіленген ең жоғары жылдамдық 140 км/сағаттан 110 км/сағатқа дейін төмендетіледі. Аталған шектеу қыс мезгіліне арналған және уақытша қолданылады.
Ведомство мәліметінше, бұл шара жолдағы қауіпсіздікті арттыруға, апат санын азайтуға, сондай-ақ көктайғақ, қарлы боран және көріну деңгейінің төмендеуі сияқты қолайсыз ауа райы жағдайларынан туындайтын қауіп-қатерлерді барынша азайтуға бағытталған.
Көктемгі-жазғы маусым басталғаннан кейін жолдың техникалық жағдайы мен климаттық ерекшеліктеріне қарай бұрынғы жылдамдық режимін қайта енгізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы жүргізушілерді белгіленген жылдамдықты қатаң сақтауға, жол белгілеріне мән беруге және қысқы уақытта жолда аса сақ болуға шақырды.