АҚШ Президенті Дональд Трамп үкіметтік мекемелерге, соның ішінде Қорғаныс министрлігіне өзгеғаламшарлықтар мен белгісіз ұшу аппараттары туралы құпия файлдарды тауып, жариялауды тапсыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Бұл шешімге бұрынғы президент Барак Обаманың өткен аптадағы подкастардың бірінде «өзгеғаламшарлықтар бар» деген сөзі себеп болған. Трамп Truth Social желісіндегі жазбасында Обаманы құпия ақпаратты жария етті деп айыптады.
Президенттер не дейді?
Дональд Трамп Air Force One бортында журналистерге берген сұхбатында Обаманың әрекетіне шүйлікті.
«Ол бұлай істемеуі керек еді. Ол үлкен қателік жасады», — деді Трамп.
Ал өзінің өзгеғаламшарлықтарға сенетін-сенбейтіні туралы сұраққа Президент: «Олардың бар-жоғын білмеймін», — деп жауап берді. Дегенмен көпшіліктің қызығушылығын ескере отырып, барлық деректі ашуға дайын екенін айтты.
«Мен өзгеғаламшарлықтарға, белгісіз әуе құбылыстарына (UAP) және белгісіз ұшатын нысандарға (UFO) қатысты файлдарды, сондай-ақ осы өте күрделі, бірақ өте қызықты мәселелерге байланысты кез келген ақпаратты жариялауға тырысамын», — деп жазды Трамп.
Обама не айтты?
Бұрынғы президент Барак Обама Брайан Тайлер Коэннің подкастында «өзгеғаламшарлықтар шын мәнінде бар» деп мәлімдеген болатын. Алайда артынша ол бұл сөзін ғылыми-статистикалық тұрғыдан (ғаламның шексіздігіне байланысты) айтқанын түсіндіріп, былай деді:
«Олар бар, бірақ мен оларды көрген жоқпын және олар «51-аймақта» жасырылып отырған жоқ. Менің президенттігім кезінде өзге планеталықтардың бізбен байланысқа шыққаны туралы ешқандай дәлел көргенім жоқ. Расымен!»
Ресми дерек не дейді?
Пентагонның 2024 жылғы есебінде АҚШ үкіметінің өзгеғаламшарлық тіршілік иелерімен кездескені туралы ешқандай дәлел жоқ екені айтылған. Ресми мәлімет бойынша, белгісіз ұшу аппараттары деп қабылданған нысандардың көбі қарапайым жердегі заттар болып шыққан.