×

Бектенов су тасқыны қаупі жоғары өңірлерге бір апта ішінде тексеріс жүргізуді тапсырды

Бектенов су тасқыны қаупі жоғары өңірлерге бір апта ішінде тексеріс жүргізуді тапсырды
primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында су тасқынына дайындық мәселелерін тексеріп, Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары мен өңір әкімдері қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кеңесте Мемлекет басшысы қойған міндеттер аясында тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және су тасқыны қаупінің алдын алу мәселелері қаралды.

Сапар барысында Премьер-министр Көкшетау қаласының жеке секторын су басу қаупін азайту үшін Қылшақты өзенінің арнасын тереңдету және кеңейту жұмыстарының барысымен танысты. 2024 жылғы су тасқынынан кейін әкімдік «ҚазЦинк» компаниясымен бірге өзен жағалауын және түбін нығайту жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде каналдың өткізу қабілеті секундына 136 текше метрге дейін артқан. Осындай жұмыстар Шағалалы өзенінде де жүргізілген.

Ақмола облысында биыл су тасқынына қарсы шаралар 163 елді мекен мен 32 жол учаскесін қамтыды. Қалқұтан, Нұра, Есіл, Чаглинка және Жабай өзендерінің жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын арналарын тазарту және тереңдету жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ 17 гидротехникалық құрылыс қалпына келтіріліп, нығайтылды.

Жедел штаб отырысында Олжас Бектенов су тасқыны жағдайын күрделендіруі мүмкін бірнеше факторды атады. Оның ішінде қалың қардың жиналуы, күзгі жауыннан кейін жердің мұз болып қатып қалуы және топырақ қабатындағы терең тоң бар. Премьер-министр кейбір өңірлерде су тасқынына дайындық жұмыстары толық орындалмағанын да атап өтті.

– Сондықтан кез келген сценарийге дайын болуымыз керек. Әкімдер жұмысты күшейтіп, әсіресе елді мекендер маңындағы су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шараларды сапалы орындауы тиіс. Бір апта ішінде әкімдіктер тәуекел деңгейі жоғары елді мекендерге барып, жағдайды зерделеп, қажетті шараларды қабылдауы керек, – деді Олжас Бектенов.

Жиында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биылғы көктемге арналған болжаммен бөлісті. Қазгидрометтің мәліметінше, наурыз және сәуір айларында ауа температурасы нормадан шамамен 1°С жоғары болады, ал жауын-шашын елдің басым бөлігінде қалыпты деңгейден көп түсуі мүмкін. Су басу қаупі Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарынан бөлек, Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы, Ұлытау және Жетісу облыстарында да сақталып отыр.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов республикада 1395 гидротехникалық құрылыс бар екенін айтты. Оңтүстік өңірлердегі су қоймалары су жинау режиміне көшкен, ал солтүстік, батыс, орталық және шығыс өңірлерде нысандар жоспарлы режимде жұмыс істеп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов 1 наурыздан бастап министрліктің жедел штабы тәулік бойы гидрологиялық жағдайды бақылап отырғанын хабарлады. Ел бойынша су тасқыны болуы мүмкін 1242 елді мекен анықталған. Қауіптің алдын алу үшін 39 мыңнан астам адамнан тұратын азаматтық қорғау күштері мен 18 мыңнан астам техника дайындалған.

Жиында сондай-ақ «Tasqyn» ақпараттық жүйесі арқылы су тасқыны тәуекелдерін модельдеу жұмыстары таныстырылды. Жүйенің болжамдық деректерінің сәйкестік деңгейі өткен жылы шамамен 75% болған. Биыл бұл жүйе арқылы бірнеше өңірдегі 31 елді мекенде су тасқыны қаупі бар екені анықталған.

Премьер-министр барлық мемлекеттік органдарға су тасқынына толық дайын болуды тапсырды. Оның айтуынша, басты міндет – өңірлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ықтимал апат салдарын барынша азайту.

Су тасқынына қарсы жұмыстарды үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →