×

Террорлық әрекеттің түпкі идеясы неде?

Жастар мен жасөспірімдер интернеттегі ақпараттарға сыни көзбен қарауы тиіс

Террорлық әрекеттің түпкі идеясы неде?
КНБ РК

Елімізде терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бір сәтке тоқтаған емес. Бұл мәселе түрлі діни ағым түрлері көбейген уақытта өзектілігін арттырмаса, кеміген жоқ. Әсіресе, не нәрсеге еліктегіш, сенгіш, мойынсұна кететін жастардың арасында бұл қауіп-қатердің алдын алу жұмысын үнемі бақылауда ұстап, жалғастыру маңызды. Себебі, бұл адам қауіпсіздігіне ғана емес, бүкіл мемлекеттің тұрақтылығына кері әсер етеді, деп хабарлайды Qaz365.kz    

Бейбіт өмірдің шырқын бұзып, адамзат өміріне қорқыныш әкелетін терроризм мен экстремизмнің түп-төркіні неде? Бұл неден бастау алады? Қатар жүретін екі ұғымның айырмашылығы қандай?

Терроризм – белгілі бір саяси, діни және идеологиялық мақсатты ту еткен топтың қорқытып-үркіту арқылы қандай да бір күш қолдануы. Ал экстремизм – сондай пиғылдағылардың өз көзқарасын сол ортаға енгізуге деген әрекеті. Яғни, екеуінің де әу бастағы мақсаты, идеясы, бағыты – экстремистік һәм террорлық әрекет.

Бұл қоғамда неден пайда болады? Оның тұтануына не себеп? Әрине, мұның қалыптасуына әсер ететін фактор көп. Бірінші, адамды радикалды ойға жетелейтін нәрсе – жұмыссыздық, кедейлік, өмірде әділетсіздікке тап болу. Екінші, ақ пен қараны ажырата алмаудың бастауы білімсіздіктен, жалған ақпаратқа сенгіштіктен келеді. Үшінші, оң мен солды айыра алмайтын жастар дұрыс жол таба алмай, адасып, әлгіндей топтардың ортасына тап болуы мүмкін. Төртінші, өз пиғылын жүзеге асыруға ұмтылған ұйымдар интернет кеңістігі мен әлеуметтік желілер арқылы үгіт-насихатын жүргізеді.

Мұның қоғамға тигізетін зардабы да, зияны да шашетектен. Терроризм мен экстремизм адамзат өміріне төндіретін қаупінен бөлек, тұрақтылықты бұзады. Ел экономикасының дамуын кешеуілдетіп, өзара діни ағым арасындағы қақтығыс пен кикілжіңді одан әрі асқындырады. Бәрінен де қауіптісі – осы ортаға тап болған жастардың санасын улап, болашағына балта шабылуы ықтимал. 

Ал бұл қауіп-қатердің алдын алу үшін бүкіл қоғам атсалысуы қажет. Әрине, құқық қорғау мекемелері онсыз да атқаратын міндетін орындайтын шығар. Біз, қоғамның әрбір мүшесі, ата-ана, мектеп, жоғары оқу орны жастарға білім беру барысында сыни ойлау қабілетті де іске қосуын қадағаласақ, олар да арам ниеттілердің құрығынан аулақ жүретіні анық.

 Ол үшін жауапты мекемелер интернет кеңістігіндегі радикалды идеяны тарататын парақшаларды бұғаттап, сондай контенттердің мазмұнын қадағалау керек. Тағы бір түйткіл – елдегі жұмыссыздықпен күресті күшейтіп, жастарды жұмыспен қамту мәселесін шешудің жолын қарастыру қажет. Отбасындағы тәрбие де өзекті. Ата-ана баланы назарынан тыс қалдырмай, мінез-құлқындағы өзгерістерге көңіл бөлгені жөн. Егер дінге бет бұрғысы келсе, діни сауатын ашатын оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, радикалды ағымдар туралы да ақпаратын кеңейтіп, олардың көздеген мақсаты мен бағдарын ескерткен абзал.

Исламтанушы Нұрлан Мырзабаевтың пікірінше, жастар мен жасөспірімдер интернеттегі ақпараттарға сыни көзбен қарауы тиіс.

«Қазір ақпарат тасқыны заманы. Интернет кеңістігінде түрлі мәлімет көп. Оның ішінде шынайысы да, жалғаны да  өріп жүр. Сондықтан діни сауатын арттырғысы келген жастар тек ресми расталған сенімді дереккөздегі мәліметке жүгінгені жөн. Тіпті, кейде дәстүрлі дін мен теріс ағымдардың өзара айырмашылығы мен ерекшелігін ажырата алмай, экстремистік топтардың қолына түсуі ықтимал. Мұндай радикалды идея жетегіне түспес үшін ақапараты мол, сыни ойлау қабілеті дамыған ұрпақ тәрбиелеу маңызды», – дейді исламтанушы.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →