Қайырымдылыққа жиналған қаражатты жымқырғаны үшін сотталған Перизат Қайраттың мүлкі сатыла бастады. Астана қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті экс-белсендінің Mercedes-Benz S450 маркалы көлігін саудаға шығарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тәркіленген автокөліктің сипаттамасы мен сату шарттары келесідей:
Мемлекеттік нөмірі: 777KPK01;
Бағалау құны: 79 415 000 теңге;
Техникалық жағдайы: Аккумуляторы отырып қалған, техникалық күйін тексеру мүмкін болмаған.
Сауда-саттық 7 сәуір күні сағат 10.00-де басталады. Алайда алғашқы кезеңде көлікті кез келген адам сатып ала алмайды. Ереже бойынша, лот алдымен мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға, оның ішінде балалар үйлері мен медициналық-әлеуметтік мекемелерге ұсынылады. Егер мемлекеттік органдар тарапынан қызығушылық болмаса, көлік жалпы халықтық ашық аукционға шығарылады.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 25 шілдеде Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сонымен қатар ол қайырымдылық пен мейірімділік үшін берілетін «Шапағат» мемлекеттік медалінен де айырылды.