Қазақстандық лоукостер FlyArystan Астана – Ыстықкөл (Тамшы) – Астана бағыты бойынша жаңа маусымдық рейстің іске қосылғанын мәлім етті. Бұл жолаушыларға өңірдегі ең танымал жазғы курорттардың біріне тез әрі қолжетімді жетуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тікелей рейстер 2026 жылғы 3 шілде мен 31 тамыз аралығында аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері орындалады.
Астанадан ұшу уақыты 07:30-ға жоспарланған, Ыстықкөлге (Тамшы) келу уақыты – 10:45. Кері бағыттағы рейстер 12:00-де ұшып, Астанаға 13:20-да (жергілікті уақыт бойынша) келеді. Таңғы кесте жолаушыларға курортқа түске дейін жетіп, демалыс уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Ыстықкөл қазақстандықтар үшін дәстүрлі түрде ең танымал жазғы бағыттардың бірі болып қала береді. Астанадан рейстердің ашылуы бұл бағытты бұрынғыдан да қолжетімді етіп, жолаушыларға тиімді балама мен таңдау ұсынады – жол уақытын бір тәулікке жуық мерзімнен небәрі екі сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Біз маршруттық желіні жүйелі түрде дамытып, өңір ішінде қысқа әрі ыңғайлы сапарлар жасау мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастырамыз», – деді «FlyArystan» АҚ Президенті және бас атқарушы директоры Йохан Эйдхаген.
Бір бағытқа билеттердің бағасы 37 000 теңгеден* басталады.
Астанадан рейстермен қатар, әуекомпания Алматыдан Ыстықкөлге (Тамчы) маусымдық рейстер орындайды. Осылайша, бағыт бойынша толыққанды жазғы ұсыныс қалыптасып, Қазақстанның екі ірі қаласының тұрғындары үшін курортқа қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Алматыдан рейстер кестесі: 2026 жылғы 18 маусымнан 30 тамызға дейін аптасына екі рет – бейсенбі және жексенбі күндері.
Әуебилеттері FlyArystan мобильді қосымшасында, www.flyarystan.com ресми сайтында және басқа да сату арналары арқылы қолжетімді. Стандартты тарифке борттағы кездейсоқ орын және салмағы 7 кг-ға дейін (өлшемі 56 × 23 × 36 см-ден аспайтын) бір дана қол жүгі кіреді.
*Баға валюта бағамының өзгеруіне байланысты аздап ауытқуы мүмкін.