Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) төрағасы Жанат Элимановты қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесуде агенттіктің бюджет қаражатын тиімді пайдалану, қаржылық алаяқтыққа қарсы күрес және қылмыстық табыстарды жылыстатуды болдырмау бағытындағы жұмыстарының қорытындысы таныстырылды.
Жанат Элимановтың мәліметінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қаражатын жымқыру фактілері бойынша қазіргі уақытта 14 сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондай-ақ, мал шаруашылығы саласына бөлінген 30 миллиард теңге субсидияның тиімсіз жұмсалу тәуекелдері анықталған. Бұдан бөлек, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруға арналған 10 миллиард теңгеден астам қаражатты мақсатсыз пайдалану белгілері айқындалып, құрылыс саласында 5,3 миллиард теңгені заңсыз иемденбек болғандарға қатысты 21 іс қозғалған.
Агенттік төрағасы алаяқтық әрекеттердің алдын алу бойынша атқарылған ауқымды жұмыстарға да тоқталды. Жыл басынан бері 17 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылып, банктер мен байланыс операторларының атын жамылған фишингтік топ әшкереленді. Барлығы 3,7 мың алаяқтық сайт пен 22 топтық чат бұғатталды. Сонымен қатар, «көлеңкедегі» тұлғаларға рәсімделген 68 мыңнан астам банк картасы (дроп-карталар) қолданыстан шығарылып, олар арқылы 13 миллиард теңгенің заңсыз айналымы анықталды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық қылмыстармен күресті күшейту және бюджет қаржысының әрбір тиынын бақылауда ұстау бойынша агенттікке бірқатар нақты тапсырма берді. Президент қаржы жүйесінің тазалығы мен азаматтарды алаяқтардан қорғау мәселесі басымдыққа ие екенін атап өтті.